$ 494.87  520.65  4.91

ШҚО-да үй өртке оранды: көршісі құтқарған әйел ауыр халде жатыр

Таврия ауылындағы өрт сөндіру қызметінің №38 бөлімшесі 20 шақырымды еңсеріп жеткенше, үй толығымен отқа оранған. Өрт 135 шаршы метр аумақты шарпыған.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына қарасты Пролетарка ауылында өрт ішінде қалып қойған әйелді құтқарып алды. Бұл туралы ҚазАқпарат ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

«Оқиға жексенбі күні Пролетарка ауылында болған. 44 жастағы әйел түскі ас дайындап, болған соң 4 жасар баласымен бірге ұйқыға бас қояды. Қою түтін әсерінен әуелі бүлдіршіннің ұйқысы ашылып, анасын оятқан. Әйел ес жиғанда айналасының бәрін қызыл жалын торлап, сыртқа шығу мүмкін болмай қалған болатын. Асүйден басталған өрт ауызғы үйге ұласқан еді. Амалы таусылған әйел терезені шағады. Терезеден енген оттегі өртті одан әрі үдетіп, өрт қарқыны күшейе түседі. Шуды естіген көршілері дереу өрт сөндіру қызметіне хабарласып, өздері көмекке ұмтылады. Әйел сынған терезеден қызын шығарып үлгереді. Ал өзі қою түтінге тұншығып, естен танады. Осы кезде Алексей Шрамов терезе арқылы үйге еніп, ес-түссіз жатқан көршісін терезеден көтеріп шығарған. Улы газбен уланған әйел аудандық аурухананың токсилогиялық бөлімшесіне жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы ауыр», - делінген департаменттің баспасөз мәліметінде. 

Таврия ауылындағы өрт сөндіру қызметінің №38 бөлімшесі 20 шақырымды еңсеріп жеткенше, үй толығымен отқа оранған. Өрт 135 шаршы метр аумақты шарпыған. 

«Себебін анықтап жатырмыз. Баланың айтуынша, анасы түскі ас дайындап, көп ұзамай ұйықтап қалған», - дейді Ұлан ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Ерасыл Кәдірбеков. 

Қазір қыз әкесімен бірге көршілерінің үйін уақытша паналап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары