$ 494.87  520.65  4.91

«Заңсыз қуды»: полицей жалғыз адамдық пикетке шықты

Екі жыл бұрын жұмыстан шығарылған Әлібек Ерғазиев өзін қызметтен «заңсыз қуды» деп санайды және мұны сот арқылы дәлелдегісі келеді.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

Бұрынғы полиция қызметкері, «жұмысқа мас күйде келгені үшін» қызметінен босатылған Әлібек Ерғазиев 29 қазанда Орал облыстық соты ғимаратының алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол қолына «Әділ сотты талап етемін» («Требую справедливого суда») деген жазуы бар плакат ұстап тұрды, деп хабарлайды azattyq.org.

Ерғазиев «жергілікті әкімдіктен пикетке рұқсат сұрап 70-тен астам рет өтініш бергенін, ешбір өтінішін қанағаттандырмағанын» айтады.

Екі жыл бұрын жұмыстан шығарылған Әлібек Ерғазиев өзін қызметтен «заңсыз қуды» деп санайды және мұны сот арқылы дәлелдегісі келеді.

«2017 жылдан бері талап етіп келемін, әлі күнге бірде - бір сот отырысы өткен емес. Мені жұмыстан наркология диспансерінің анықтамасына сүйеніп шығарды. 2017 жылы жұмыс күні біте салысымен олар менің ағзамнан 0,4 промилль ішімдік тапқан. Бұл қалыпты мөлшер, тіпті ең төменгі мөлшерге де жетпейді», - дейді Әлібек Ерғазиев.

Облыстық сот ғимаратының алдына плакатпен акцияға шыққан бұрынғы полицей мәселеге сот төрағасы назар аударса дейді. Акция өтіп жатқан орынға Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Берік Таубаев келді. Ол Әлібек Ерғазиевке акцияның заңсыз екенін ескертіп, үйіне қайтаруға тырысты. Алайда Ерғазиев акцияны тоқтатпай, сот төрағасымен кездестіруді талап етті.

Әкімдік өкілі Берік Таубаев Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген жоқ. Шамамен бір сағаттан кейін Әлібек Ерғазиевті сот төрағасына шақырды.

Кейінірек, Әлібек Ерғазиевтің өкілі Мақсат Айсауытов Азаттыққа облыстық сот төрағасы заңмен қарастырылған мерзімде шағымын қарастыруға уәде бергенін айтты.

«Бүгін №2 қалалық сотына судьялар мен наркология диспансері қызметкерлерінің үстінен шағым түсірдік. Жауабын 30 күн күтеміз», - деді Мақсат Айсауытов.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#полицей