Ақтөбе облысында екі күннен бері тоқтаусыз жауған қар мен ұйытқып соққан бораннан жолаушылар автобусы, 125 жүк көлігі мен 70-ке жуық жеңіл автокөлік тас жолда тұрып қалған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, «Жас Алаш» сайтына сілтеме жасап.
Төтеншеліктер 3 қарашадан бастап боран соғатынын және 4 қарашаға қараған түні аяз тұрып, көктайғақ болатынын ескертумен болды. Алайда, кеше кешкі сағат 18:33-те «Самара – Шымкент» тасжолының 1153-1240 шақырымы аралығында көліктердің қар құрсауында қалғаны хабарланды.
Қарлы боранның кесірінен жолдарда тұрып қалған көлік тізбегі көптеген шақырымға созылған. Ырғыз ауданының Қалыбай ауылы маңында жүк көліктерімен қатар, жеңіл көліктер тұрып қалды.
«Шамамен 200-ге жуық көлік жолда тоқтап тұр. Оның 70-і – жеңіл көлік болса, біреуі – 15 жолаушысы бар автобус. Барлығы 125 жүк көлігі де бар. Қазір құтқару жұмыстары жалғасып жатыр», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кету керек, жолда қалғандар арасында өзге елдің азаматтары да бар. Құтқарылған адамдар жақын маңдағы жылыту орындарына жеткізіліп жатыр. ТЖД әзірге құтқару жұмыстарына қанша адам жұмылдырылғанын айта алмады. Құтқарылғандардың саны – 132 адам. Оның 17-сі – бала.
Естеріңізде болса, дәл осы жерде осыдан екі жыл бұрын Өзбекстанның 52 азаматы мінген автобус жолда қалып, ішіндегі адамдармен түгел өртеніп кеткен болатын.