Қызылордада мас күйінде автобус тізгініне отырған азамат ұсталды, деп хабарлайды Хабар24 арнасы.
Орталық көшелермен жүйіткіген қоғамдық көлік жүргізушісі тәртіп сақшыларының ескертуіне құлақ аспаған. Тек патрульдік көлікпен тосқауыл жасаған соң ғана ішімдікке сылқия тойған жүргізуші тежегішті басқан.
Полицейлер оны наркологиялық диспансерге жеткізді. Жалпы, өңірде жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне байланысты аймақта «Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасы өтіп жатыр. 3 күнде мас күйінде көлік тізгіндеген 14 және құжатсыз жүрген 94 жүргізуші қолға түскен.
«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабымен хаттама толтырылды. Сондай-ақ, бұл іс-шараға еріктілер жұмылдырылып, жүргізушілерге және жаяу жүргіншілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс өз жалғасын табатын болады», - дейді Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Шәмшидин Әмитов.