06.12.2019, 18:00

Қылмысын жасыруды көздеген браконьерлер көлікті өртеп жіберді

Автокөліктің ішінде киіктің атып өлтірілген екі төлі, 12 калибрлі екі мылтық болған.

Ақтөбе облысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыста киіктерді заңсыз аулаумен айналысқан браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды Baq.kz.

2019 жылдың 5 желтоқсанында сағат 15.45 шамасында Ақтөбе облысы Шалқар ауданы аумағында рейдтік іс-шараларды жүргізу кезінде "Охотзоопром" ӨБ" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсiпорнының инспекторлары Toyota Land Cruiser 100 маркалы автокөлікті байқап қалды. Автокөліктің ізіне түсу барысында күдіктілер заңсыз аңшылық айғақтарын жасыру үшін автокөлікті өртеп жіберді. Қызылорда облысының екі тұрғыны ұсталды, - деді Сәкен Ділдахмет.

Ұсталған азаматтар киік атумен айналысқандарын айтып, қылмысын мойындады. Автокөліктің ішінде киіктің атып өлтірілген екі төлі, 12 калибрлі екі мылтық, қол ара, бензин канистрі және 12 калибрлі 50 шақты патрон болған.