Алматыдағы Момышұлы-Қабдолов көшелерінің қиылысында жаппай төбелес болды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
@kris_p_almaty Instagram-парақшасында жарияланған видеоны оқиға маңынан өтіп бара жатқан көлік жүргізушісі түсірген. Одан таяққа ұқсас зат ұстаған он шақты жігіттің бір адамды аямай соққыға жығып жатқанын аңғаруға болады. Оқиғаның шамамен түнгі 1,30-2,30 шамасында болғаны жазылған.
Бірнеше адам 2 жігітке қарсы шыққаны көрініп тұр. Жанжалдың неден туындағаны белгісіз. Ал желі қолданушылары оқиғаға қатысты пікірлерін жаудырып жатыр.
"Видеоға түсіргенше, барып ажыратса қайтеді?", "Хоккей ойнап жатыр деп ойладым", "Арматураның қажеті не?", "Сергекке млн-дап шығындалса да, көшелерде тыныштық жоқ", "Қар атысып ойнап жатыр ма десем", - деп жазуда олар.
Ал бүгін «Бұл құқықбұзушылыққа қатысы бар деген күдікпен 21 жастағы екі жігіт ізі суымай ұсталды. Олар М. Әуезов аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Ал зардап шеккен адам алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілді. Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша тергеу жұмыстары басталды», - деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.