Алматыда ер адам үш баланың анасын аямай ұрып-соғып, зорлап тастамақшы болған. Бұл оқиға жайлы facebook әлеуметтік желісінде "Немолчиkz" қоғамдық қорының өкілдері жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Дереккөзіне сүйенсек, бұл оқиға 29 желтоқсанда кешқұрым болыпты. Үш баланың анасы үйді ақтап, сырлау секілді құрылыс жұмыстарымен айналысады екен. Мереке қарсаңында оған жұмысынан қоңырау шалып, жалақысын алып кетуі керектігі жайлы ескертеді.
Жалақысын алуға қуанып барған келіншекке араққа сылқия тойған жұмысшылардың бірі тиісіп, қолжүгірте бастаған. Әлгі күдікті адамның қасында інісі (бауыры) болыпты. Ол әйелге қол ұшын созып, жәрдемдесудің орнынан есікті жауып, бөлмеден тайып тұрған.
"Айқайға басқан әйел көмек шақыра бастады. Қарсыласқан осы әрекеті үшін соққыға жығылыпты. Әйткенмен, арпалыс үстінде туған-туыстарына хабарласып үлгеріпті. Олар полиция шақырды. Полиция олардың шағымынан соң 16 минутта жетті. Дегенмен, жәбірленушінің денесінің сау-тамтығы қалмаған. Күдікті үстіндегі киімін шешіп үлгерген", - деп "Немолчиkz" өкілдері жазды.
Қоғамдық қордың өкілдері бұл оқиға жайлы Алматының полиция департаментіне хабарлаған екен. Қазіргі кезде полиция істі бақылауға алды.