Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері арнайы рейд барысынды Бейсеков-Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысында бағдаршамды соғып, жол ережесін өрескел бұзған Honda маркалы автокөліктің жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Полицейлер талаптарды орындаудан бас тартып, өздерінен ізін жасырмақ болған оны бірнеше уақыт бойы қуып, зорға тоқтатқан.
«Патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторы Мадияр Солтанов жүргізуші қауіпті жағдай туғызбауы үшін оның бағдаршамға тоқтағанын пайдаланып, көлікке жүгіріп жетіп, терезесін шағып барып ұстады», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлердің айтуынша, автокөлік тізгініндегі адамның ішімдік ішкені анықталған.
«Ол есікті ашпай қойды. Сосын мен терезені шағуды жөн көрдім. Меніңше, бұл сол кездегі ең дұрыс шешім болды. Себебі, ол ары қарай қашып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді. Жүргізуші қарсылық білдірді, алайда, мен кілтті жұлып үлгердім», - дейді кіші сержант Мадияр Солтанов.
Медициналық куәландыру барысында елордалық 35 жастағы ер адамның орта деңгейде мас болғаны белгілі болды.
«Жүргізуші ұсталып, көлігі коммуналдық тұраққа жеткізілді. Осы дерекке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігі («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - деді қалалық ПД өкілдері.
Бұзақы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Өйткені, биылғы 1 қаңтардан бастап елімізде мас күйінде көлік айдау жауапкершілігін қатаңдатқан түзетулер күшіне енген болатын.