$ 514.65  544.6  5.17

СҚО-да төсегінде темекі шеккіш зейнеткер үйімен қоса жанып кетті

Өрттің аумағы 12 шаршы метрді құрады.

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Есіл ауданының Чириковка ауылында үй өртеніп, иесі қайтыс болды. Зейнеткер жалғыз өзі тұрған. Алдын-ала болжам бойынша оттың шығуына темекі тұқылы себепші болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тағы бір солтүстікқазақстандық тілсіз жаудың құрбаны болды. Қаңтардың 11-і  Есіл ауданының Чириковка елді мекенінде үй өртенді. Баспананың жанып жатқандығы жайында хабар аудандық өрт сөндіру бөлімшесіне кешкі сағат бес кезінде түскен.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар 18:20-да өртті толығымен сөндірген. Алайда, тілсіз жау 1946 жылы туған ер адамның өмірін жалмады. Өрттің аумағы 12 шаршы метрді құрады. Үйдің төбесі мен ағаш еден толық жанып кеткен. Материалдық шығын көлемі есептелуде.

«Аудандық өрт сөндіру бөлімінің мамандары оқиға орнына жетіп, бір сағаттай қызыл жалынмен арпалысқан. Қазіргі болжам бойынша өрт төсекте жатып темекі шегудің салдарынан болған. Алайда, нақты себеп әлі де анықталуда. Қызыл жалынға оранған үйден 1946 жылғы ер адамның мүрдесі табылды. Көршілері оның бұл үйде жалғыз әрі уақытша тұрғанын айтты», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басқарма басшысы Игорь Балеев.

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 11 өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жаудың салдарынан 5 адам, соның ішінде 2 бала мерт болды. Тілсіз жау бір үйден үш адамның, анасы мен екі баласының ажалына себеп болған еді. Мамандардың айтуынша қайғылы жағдайлардың басым көпшілігінде қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамау себеп болған. Қыс мезгілінде әсіресе жеке тұрғын үйлерде болатын өрт жиілеген. Төтенше жағдай қызметінің мамандары өрттің алдын-алу мақсатында жүйелі түрде рейдтік шаралар жүргізіліп жатқандығы жайында хабарлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#темекі