Талғарда 11 қаңтарда кісі өлімі болды. Құрылыс нысандарының бірінен ер адамның дене табылған. 43 жастағы жәбірленушінің денесінде түрлі жарақаттар болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Алматы облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында марқұм болған азаматтың Өзбекстанның Әндіжан облысынан келгені белгілі болды. Ол 2019 жыл Қазақстанға келген екен. Оның Қайнар ауылында жеке тұрғын үй құрылысын салумен айналысқан шетелдік азамат екендігі анықталды.
"Аудандық полиция қызметкерлері кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен жәбірленушінің 27 жастағы отандасын ұстады. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қылмысқа қатысты барлық мән-жайлар анықталатын болады. Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды", - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Полиция дерегіне сүйенсек, кісі өліміне байланысты қажетті сараптамалар тағайындалды. Кісі өлімі болған жерден кәдімгі ас үй пышағы табылды. Ол тергеу ісіне айғақзат ретінде тіркелген.