Ақтауда жаяу жүргіншіні көлігімен қағып өлтірген жүргізуші мас болған. Маңғыстау облысының полиция департаменті осындай қорытынды жасады, деп хабарлайды Хабар 24.
Ащы суға тойып алған «Лада Гранта» көлігінің жүргізушісі көше жиегімен кетіп бара жатқан жаяу жүргіншіні басып кетті. Жол апаты 14 қаңтар күні түскі 15:00 шамасында сауда орталығының маңында болған еді. Ауыр жарақаттан 1968 жылы туған ер адам сол жерде көз жұмды. Ұсталған жүргізуші кінәсін мойындап, халықтан кешірім сұрады. Оның айтуынша, оқиға болған күні кафеде ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген.
Еске сала кетейік, 11 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа заң күшіне енді. Оған сәйкес, рөлге мас күйінде отырғандар өмірбақи көлік жүргізу құқығынан айырылып, адам өлімі тіркелсе, 10 жылға дейін түрмеге қамалады.