Алматы облысына қарасты Қоңырөлең ауылындағы Тұмабаевтар әулетінің адамдарға жасаған кезекті қоқан-лоққысы әлеуметтік желі арқылы жалпақ жұртқа жария болды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Еске сала кетсек, бұған дейін сол әулеттің келіні Гүлмайса Жақыбаеваның көрген қорлығына шыдамай, өз-өзіне қол жұмсап қаза тапқанын жазған болатынбыз. Сол кезде марқұмның жақындары оның қайын атасы Амангелді Тұмабаев өз шаруа қожалығына мал бақтыруға алып кеткен бір жігіттің де жұмбақ жағдайда көз жұмғанын айтқан еді. Оны таудан құлап кетті дегенге сенбеген туыстары жергілікті құзырлы органға шағымданғанмен, бүгінде 3 айдан бері тергелген іс жабылуға таяған.
Ал кеше facebook желісіндегі «Талдыкорганец» тобына өзін Раисова Балауса Қуантайқызы деп таныстырған әйелдің күйеуімен бірге сол Амангелді Тұмабаевтың шаруа қожалығында жалшы болып келгендері туралы видеоүндеуі жарияланды.
«Менің күйеуім Естаев Ардақты Қоңырөлең ауылының тұрғыны Тұмабаев Амангелді деген кісі пәленбай бас мал, сыйақы, ақша беремін деп алдап, 2017 жылдың қазан айында Талдықорған қаласынан мал бақтыруға алып кеткен болатын. Содан арада бір ай өткеннен кейін мен кішкентай екі баламмен артынан келдім. Екеуміз бірге сол Тұмабаевтың малын бір жылдай бақтық.
Сол бір жылдың ішінде қаншама қиыншылық, қорлық көрдік. Ол кісінің балағат сөздерін естіп, зорға шыдап жүрдік. «Кететін болсаңдар, мен пәленбай бас малым жоқ деп сендердің үстеріңнен арыз жазып, соттатамын», - деп күйеуімді қорқытатын. Бір жыл бойы ұрып-соғып, қорқытып ұстады. Іс насырға шапқаннан кейін ол жерден аман шықпайтынымызды біліп, амалсыздан бүкіл мал-мүлкімізді, киім-кешегімізді тастап қашып кеттік», - дейді Балауса Раисова.
Айтуынша, содан кейін ол дүние-мүлкін алуға жалғыз баруға қорқып, қасына әкесін ертіп алыпты. Ал қожалық иесі екеуін балағаттап, «Осыдан бір нәрсеңді алатын болсаң, малымды ұрлап бара жатыр деп үстеріңнен арыз жазып, түгел соттатамын», - деп тағы да қорқытқан көрінеді. Осылайша, олардың Талдықорған қаласына құр қол қайтуларына тура келеді.
«Кейін Жаркент қаласына өзім келіп, ішкі істер бөліміне арыз жазар алдында Амангелді ағаға звондадым. «Жазсаң жаза бер! Мен ешкімнен қорықпаймын. Жаркент деген – менің қолымдағы балалар. Сотыңды да, прокурорды да бәрін сатып алғанмын», - деді. Содан бері арыз жазбаған жерім қалған жоқ. Бір жылдан астам уақыт өтті, ешқандай нәтиже шығара алмадым», - деп мұңаяды шарасыз әйел.
Жәбірленуші шағымданған кезде сол ішкі істер бөлімінің бастығы Рауан деген азамат болыпты. Қоңырөлең ауылының Құрал есімді учаскелік инспекторына сол ауылдың әкімдігінен екі жігіт қосып беріп, бәрін даулы шаруа қожалығына жіберген екен.
«Малдарымды танып, участковый алып берейін деп қағаз толтырып жатқан кезде Тұмабаев Амангелдінің ішкі істер бөлімінде істейтін баласы Қуанышбаев Жанат участковыйды ұрып, қолындағы қағаздың бәрін жыртып, малдарымыздың бәрін айдатып жіберіп, бәрімізді түгел ұрып-соғып қуып шықты сол жерден. Содан бері бармаған, арыз жазбаған жерім қалмады. Мен жазамын, ол кісі жауып тастайды. Ешқандай әділдікке қол жеткізе алмай жатырмын», - деп зар еңіреген жәбірленуші видеоүндеу арқылы халықтан көмек сұрады.
Осы орайда айта кетер бір жайт, бұл видеоүндеу желіге кеше жүктелгенмен, нақты қашан жазылғаны белгісіз. Алдында «таудан құлап кетті» делініп, жұмбақ жағдайда қаза тапқан жалшы жігіт осы Балауса Раисованың күйеуі Ардақ Естаев болып шықпаса игі. Ал Құдай қауіптің бетін әрі қылып, ол тірі болған күннің өзінде, Амангелді Тұмабаев «сатып алдым» деген жергілікті құзырлы органдар айдың-күннің аманында кісі өлімдеріне бір әулеттің себепші болғандарына жол беріп қойып, не қарап отыр? Егер олар шынымен кәсіпкердің өзі айтқандай «қолындағы балалар» болса, неге бұл мәселені республика деңгейінде көтермеске?