Темір жолды кесіп өтпек болған 63 жастағы кейуана жүк пойызының астынан бір-ақ шықты. Соның салдарынан пойыз егде жастағы әйелдің аяғын кесіп өткен. Оқиға Қарағандыда болған. Аяғы жараланып, қансыраса да, жігерін құм қылмаған әйел үйіне дейін жорғалап барыпты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, "Евразия 1"-ге сілтеме жасап.
Үйіне жетер-жетпес тұста жараланған анасын баласы көріп қалып, дереу жедел жәрдем шақыртқан. Дәрігерлер жаралы әйелге жедел түрде ота жасап, жансақтау бөліміне жатқызыпты. Пойыздың астында қалса да, көрер жарығы болып тірі қалған зейнет жасындағы әйелдің аяғын жіліншегіне дейін кесіп тастады.
"Әлі есімізді жиған жоқпыз. Осы оқиғадан кейін әлі әжемізді көрмедік. Балалары бұл апатты жағдай туралы сөйлескісі келмейді. Әжеміз жақында палатаға шығарылады. Сол кезде жағдайдың қалай болғанын өзінен сұрап білерміз", - дейді аяғын пойыз кесіп кеткен зейнеткердің келіні Эльмира Аманжолова.
Куәгерлердің сөзінше, оқиға қаланың қақ ортасында болған көрінеді. Жергілікті тұрғындар темір жолдан өту үшін, пойыздың астымен еңбектеп өтеді екен. Ал талапқа сай жерүсті өткелі жоқ. Сондықтан да тұрғындар екі пойыздың арасымен, я болмаса астымен өтуге мәжбүр. Тұрғындардың осылай амалдап жүргеніне 10 шақты жыл болыпты.
"Былтыр қыстыгүні осыған ұқсас жағдай болған еді. Бір әжей темірге басын соғып алғандықтан, пойыздың астында есін жоғалтып алған. Қайта дүкеннен келе жатқан бір азамат оны көріп қалған. Егер пойыз жүріп кетсе, не болар еді?", - дейді қала тұрғыны Денис Лебедев.
Қазір жәбірленушінің отбасы зейнеткердің ауруханадан шығуын күтіп отырған көрінеді. Содан кейін "сотқа арызданатын ойымыз бар" деп отыр әжейдің жақындары.