10.02.2020, 11:20

Қордайдағы қақтығыс: ІІМ қаза болғандардың тізіміне енбеген 25 жастағы жігіттің қайтыс болғанын растады

Фото: Sputnik Казахстан
Оның ата-анасына жергілікті атқарушы органнан әлі ешкім келмеген.

Ішкі істер министрлігі Қордай ауданындағы тәртіпсіздік салдарынан көз жұмғандар арасында Масанчиге басқа ауылдан келген бір адамның болғанын растап отыр, деп жазады Sputninews.kz.

"Мерт болған Дархан Әбдірахым туралы не білеміз? Ол қазақ. Туыстары әлі күнге дейін оның өлімі туралы құжатты алған жоқ. Ол қақтығыс болған түні ауданның басқа тұрғындары сияқты Масаничге көмекке шығып кеткен. Жігіт 25 жаста болған. Ол жерде жатқан күйінде табылған, қан көп болған. Машинаға зақым келген, құжаттары жоғалған. Ол отбасының жалғыз баласы еді. Дарханның артында үш баласы қалды. Машина кредитке алынған. Оның ата-анасына жергілікті атқарушы органнан әлі ешкім келмеген. Журналистер де болмаған. Кешеден бері қайтыс болған жас жігіттердің аты-жөні жарияланып жатыр. Неге Дархан туралы ештеңе белгілі болмады?", - деп жазды журналист Азамат Ерғали Facebook-те.

Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз Қордай ауданындағы қақтығыс кезінде қаза тапқандар ішінде 25 жастағы Дархан Әбдірахымның да бар екенін растады.

"Иә, Дархан Әбдірахым бар", - деді Нұрділдә Ораз.

Бұған дейін Қордай ауданы Масанчи ауылындағы тәртіпсіздік кезінде көз жұмған сегіз адамның аты-жөні жарияланған болатын. Одан кейін тағы үш адамның мерт болғаны туралы белгілі болды.