Экология департаменті Приморье ауылы маңындағы Каспий суының қызыл түске боялу себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық экология департаментінің хабарлауынша, судың қызыл түске айналуы диатомды балдырларға байланысты. Одан адамдарға және табиғатқа ешқандай қауіп жоқ.
"Аталған балдырдардың түсі ашық қызылдан бастап қою-қызыл түске дейін өзгереді. Қазір 3800-ге тарта түрі белгілі. Оның ішінде Каспийде 25 түрі таралған. Бізде лауренция, полисифония, мелобезия деген түрлері бар. Теңіздегі тіршілікке зияны жоқ, балықтарға қауіп төндірмейді", - дейді МО Экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің маманы Ержан Жұмашев.
Мамандардың айтуынша бұл жыл сайын қайталанатын құбылыс.
"Бұл жыл сайын болып жататын табиғи құбылыс. Бір жыл бұрын қаңтарда дәл осындай жағдай болды. Каспийдегі балдырлар қоңыр қызыл болды, олар терең емес жерде шоғырланып өседі. Қазір қар жауып жатқандықтан қардың үстіне шығып, тұрғындарға анық көрінген. Негізі теңіз суына ай сайын арнайы мониторинг жасаймыз, қаңтардың аяғында балдырлардың жатқан жері қызарып жатқанын байқадық. Сынама алдық, шектен тыс ешқандай қауіп анықталмады", - дейді Маңғыстау облысы экология департаментінің зерханалық-талдамалы бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Раушан Төлепова.
Еске сала кетейік, 2018 жылы да Каспий жағалауындағы су қызыл түске боялған еді.