Шымкент қаласының прокуратурасы алаяқтардың арбауынан сақ болуға шақырады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Көбінесе алаяқтар атаулы әлеуметтік көмек және жылжымайтын мүлік саласында өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асырады, ал алаяқтардың торына, көбінесе, жас аналар, медицина және білім саласының қызметкерлері түседі. Сонымен қатар, алаяқтар өздерін халыққа қызмет көрсету орталығы мен түрлі мемлекеттік мекемелердің атынан келген делдал ретінде таныстырып, қылмыстық жоспарын жүзеге асыруға кіріседі",-делінген хабарламада.
Жақында Қаратау аудандық соты халыққа қызмет көрсету орталығында балаларға жәрдемақы жасап беретін танысым бар деп 51 адамды алдаған алаяққа үкім шығарды. Ол барлығына сенімхат жазып, ақша алған. Алаяқ, нәтижесінде, халыққа 105 млн.теңге мөлшерінде қарыз.
"Мемлекеттен жәрдемақы алу рәсімі мен тәртібі ашық жүргізіледі. Мемлекеттік жәрдемақы - алаяқтардың айласын асыру үшін емес, мұқтаж адамдарға арналған! Сіздерді барынша мұқият болуға, күдік тудыратын тұлғалардың уәделеріне сенбеуге және өз қаражатыңыздың қауіпсіздігін сақтауға шақырамыз. Қаратау ауданында жаңа шағын аудандар ашылып, пәтерлер беріле басталуына байланысты, халыққа қызмет көрсету орталықтарының басым бөлігі осы ауданда болғандықтан, алаяқтық қылмыспен күресу өзекті мәселерлердің бірі болып тұр", - дейді прокуротура өкілі.