Қарағанды облысында көршісінің 3 жастағы қызын 15 рет пышақтап өлтірген әйел 20 жылға сотталды. Мұндай шешімді аймақтың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Astana.tv-ға сілтеме жасап.
Жантүршігерлік оқиға былтыр қараша айында Сәтпаев қаласының Вольный ауылында болған. Ата-анасы әдеттегідей көршілеріне бүлдіршінді қарай тұруға қалдырып жаңа пәтерлерін жөндеуге кетеді. Сол күні 3 жастағы бала ойнап жүріп DVD-плеерді құлатып алған. Осы үшін көршінің қолынан қаза тапқан.
Тергеу материалдарына сүйенсек, 35 жастағы әйелдің баланы 15 рет пышақтаған. Қатігездігі сонша өтпейтін пышақты өткіріне ауыстырып соққысын жалғастырған. Ол кезде айыпталушы мас болған. Сұмдық оқиғаны полицияға сырттан үйіне келген күйеуі хабарлаған. Әйел бар кінәсін мойындағанымен сотта өз әрекетіне қатысты қандай да бір жауап беруден бас тартты.
"ҚР ҚК 99 бабының 2- нші бөлігінің 3,5,14 -інші тармақтары бойынша, яғни ол «кәмелеттік жасқа толмаған адамның дәрменсіз күйін пайдалана отырып аса қатыгездікпен өлтіру» дерегі бойынша берілген Казанцеваға қатысты үкім шығарылды. Казанцева кінәлі деп танылып, оған бас бостандығынан 20 жылға айыру жазасы тағайындалды",- деді Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бекзат Шалғымбаев.
Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді.
Көптің көкейінде «ата- анасы баласын мас әйелге қалай сеніп тапсырды?» - деген сұрақ қалды. Сотта олар қызды қалдырған кезде көршісінің сау болғанын айтқан. Алайда бұл деректің рас-өтірігін ешкім біле алмады.