Балқаш қаласынан Алматы облысына «қылмыстық гастрольге» келген екі әйел бутиктер мен дүкендерде бірқатар ұрлықтар жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Алматы облысының ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тергеу барысында күдіктілердің Балқаш қаласынан келгені, қолдарына жас балалар ұстаған екі әйелдің апалы-сіңлілі туыс екені анықталды. Оларға бір күн ішінде тауар-материалдық құндылықтарды ұрлаудың бес дерегін жасады деген айып тағылды», - деп мәлімдеді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетсек, 9 ақпанда Қарасай ауданының «МОЛЛ АПОРТ» сауда ойын-сауық кешенінде ұрлық жасады деген күдікпен 30 және 33 жастағы екі әйел ұсталды. Күдікке ілінген әйелдердің 1 жастан асқан және 7 жастағы бүлдіршіндері бар.
Жеке басын тексеру кезінде ол екеуінен әйелдер мен балалардың ұрланған жаңа киімдері табылып, олардың кешен аумағындағы дүкендердің бірінен жымқырылғаны анықталды. Сонымен қатар, бейнебақылау жазбаларының көмегімен бұлтартпас айғақтар арқасында күдіктілер бұдан өзге тағы төрт бутик және дүкенде жасаған ұрлықтарын мойындады. Үптеп кеткен заттарын қайда жасырғандарын да көрсеткен.
«Олар бір күн ішінде жалпы сомасы 350 000 теңгеден асатын соманың тауарларын ұрлаған. Оның ішінде майка, футболка, пальто, джинсы, легинсы және өзге де киімдер бар. Ұрланған мүлік қажетті тергеу әрекеттерінен соң заңды иелеріне қайтарылды. Өзгенің мүлкін ұрлаудың бес дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп толықтырды ведомство өкілдері.
Сонымен қатар, күдіктілердің бірінің қылмыстық тәжірибесі бар. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы бутиктерден заттарды ұрлағаны үшін жауапқа тартылып, тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс сотқа жетпей, қысқартылған. Күдіктілердің кәмелетке толмаған жас балаларының бар екені ескеріліп, олар мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.