$ 498.34  519.72  4.85

Дәрігерлер бас ми жарақатын алған балаға немқұрайлы қарап, көмектесуден бас тартқан

"Олар отырып алып, баламның жасын сұрады", - дейді баласы үшін алаңдаған ана.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Нұр-Сұлтандағы травматология дәрігерлері бас ми шайқалу жарақатын алған балаға көмек беруден бас тартқан. Бұл туралы баланың анасы айтып берді. Ұлының денсаулығы үшін алаңдаған ананың сөзінше, баласы есінен танып қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Astana.tv-ға сілтеме жасап. 

Бала мұздан сырғанап құлап, басын ұрып алған. Содан кейін оны жақын маңдағы жедел жәрдем мекемесіне апарғанда дәрігерлер оған көмек көрсетуден бас тартқан. 

«Көмектесіңіздерші деп көмек сұрадым. Олар отырып алып, баламның жасын сұрады. 14-те дедім. Олар сізге балалар ауруханасына бару керек деп айтты», - деді Нұр-Сұлтан тұрғыны Гүлайым Жұмабаева. 

Осыдан соң амал жоқ, анасы балалар ауруханасына барған. Ол жердегілер баланың бас миы шайқалғанын айтып, бірден көмек көрсеткен. Алғашқы барған жері травмотология бөлімшесі болған. Дегенмен, олар баланы қараудан бас тартыпты. 

«Ата-аналар келгенде, алдымен баланың жарақатын тексереміз. Егер өміріне қауіп төндірмейтіндей жарақат болса, онда қалалық балалар ауруханасына жібереміз. Бұл балада жарақаттар болған жоқ, сондықтан оған таңғыш бермедік», - дейді Травматология және ортопедия институтының жетекшісі Әділбек Жылқыбаев.

Денсаулық сақтау министрлігі травмотология бөлімінде балаға көмек көрсететін мамандардың тапшылығын айтты. Баланы ауруханаға жібермеуден бұрын оған алғашқы көмек көрсетілуі керек болыпты.

«Ересектер травматологиясы саласындағы медициналық маман тек ересектерге қарайды. Қабылдау бөліміне хабарласқан кезде шұғыл медициналық көмек көрсетеді және ұсыныстарды ескере отырып, олар мамандандырылған медициналық ұйымға жіберіледі», - дейді ҚР медициналық көмек көрсету мекеме департаментінің эксперті Баян Божбанбаева.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені «қаламсаптың ұшымен» шешіп үлгерді. Шенеуніктер жақын арада барлық клиникаларды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге уәде берді. Тәжірибе көрсеткендей, қазақстандықтар әзірге кез келген медициналық мекемеде алғашқы медициналық көмек ала алмайды.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары