Өткен жылдың қазан айында жоғалып кеткен мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі табылды, деп Skifnews.kz ақпарат порталы ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен жылы Түлкібас АПБ кезекші бөліміне аудандық мектеп-интернаттың бір меңгерушісі олардың тәрбиесіндегі оқушы қыз із-түзсіз жоғалғаны туралы арызданады. Арызданушының айтуынша, кешкі уақыт шамасында 14 жастағы оқушы қыз интернаттан қашып кетіп, содан қайтып келмеген.
«Осы айлар аралығында Түлкібас АПБ-нің полицейлері жоғалып кеткен кәмелетке толмаған қызды іздестіруді тоқтатпады. Жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде түлкібастық полицейлер қызды бес ай өткен соң, Шымкент қаласынан тауып, ата-анасына дін-аман тапсырды. Бүгінде оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. 14 жастағы қыз осы уақыт аралығында Шымкент қаласында жүріп, жұмыс істегенін мойындады. Оқиғаның басқа да мән-жайы анықтауда», – делінген хабарламада.