Павлодар облысында екі ер адамның мәйіті табылды. Марқұмдардың бірінің денесі қаладағы пәтер ішінен табылса, екіншісі жұмыс орнында жан тапсырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Astana.tv-ға сілтеме жасап.
Успен ауданынан табылған ер адам ауылдағы шаруа қожалықтарының бірінде күзетші болып жұмыс істеген. Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, оқиға түнгі уақытта болған. Бірақ, кезекші бөлімге қоңырау күндізге сағат 11.30 шамасында түсіпті. Марқұм 1994 жыл туған жергілікті тұрғын.
"Бұл жайтқа мас күйінде шылым шегуі себеп болуы мүмкін. Өйткені, төсектің матрасы жанған. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Нақты себебі сол сараптамадан кейін белгілі болады", - дейді Павлодар облыстық ТЖД басқарма басшысы Серегй Сытнык.
Ал екінші бір мәйіт облыс орталығындағы бір үйден табылған. Пәтерден қолқаны қабатын жағымсыз иіс шыққан соң, көршілері тәртіп сақшыларын шақыртыпты. Есік жабық болғандықтан, құтқарушылар көмекке келген.
Көршілерінің айтуынша, ол жақында ғана осы пәтерге қоныс аударған. Бұрын сотты болған. Әзірге оның да нақты неден қайтқаны белгісіз.