$ 444.22  476.38  4.82

Жұмбақ өлім: Павлодарда ерлі-зайыптылар екі түрлі жағдайда қаза тапты

Соңғы кезде зейнеткерден маза қашқан. Әзірге тергеушілер күйеу баласы мен қызының өліміне қатысты күдіктілерді құпия ұстап отыр.
фото: zanmedia.kz
фото: zanmedia.kz

Павлодарда ерлі-зайыптылардың қазасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдымен 24 жастағы психолог Лилия Мельник биіктен құлап мерт болады. Артынша, оның 30 жастағы күйеуін белгісіз біреулер үйінің кіреберісінде пышақтап кеткен. Осылайша, жас отбасының шаңырағы ортасына түсті. Марқұмның жақындары бұл өлімге кімді кінәларын білмей отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Мельниктер әулеті қара жамылғалы біраз уақыт өтті. Алдымен қапыда 24 жастағы қызы Лилиядан айырылады, артынша 30-дағы күйеу баласы өмірден өтеді. Тергеу барысында күйеу баласы басты күдікті саналған. Себебі, Лилия Мельник көз жұмардың алдында онымен ажырасуды жоспарлапты.

«Қызым «жақын күндері ажырасуға өтініш беремін» деп жүрген. Бірақ, үлгермеді. Олар күйеуі екеуіне ортақ мүлікті сатып, ақшасын теңдей бөлмек еді. Оның ішінде 2 қымбат автокөлік бар, біреуінің құны – 5 млн теңге», - дейді марқұмның анасы Галина Мельник.

Лилияның мамандығы – мектеп психологы. Полицейлердің болжамынша, ол жоғары қабаттан құлап мерт болған. Марқұмның анасы бұған мүлдем сенбейді. Ал Лилияның қазасынан көп уақыт өтпей, оның күйеуін де пышақтап кеткен. 63 жастағы Галина Мельниктің қос бірдей қазаға қатысты сұрағы көп. Бірақ, полицейлер әзірге тергеу құпиясы деп, ашып ештеңе айтпай отыр.

«24 жастағы келіншектің өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізілуде. Ал оның күйеуінің қазасына байланысты аталған кодекстің 99-бабы бойынша тергеу амалдары басталды», - дейді Павлодар облысы ПД баспасөз хатшысы Жанна Біләлова.

Соңғы кезде зейнеткерден маза қашқан. Әзірге тергеушілер күйеу баласы мен қызының өліміне қатысты күдіктілерді құпия ұстап отыр. «Мезгілсіз қос өлім кездейсоқтық емес. Бастысы, соған қатысты жұмбақтың жауабы табылса», - дейді зейнеткер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары