$ 494.87  520.65  4.91

Қостанай облысында қарлы бораннан жолдар жабылып, 5 аймақ электр желісінен ажырап қалды (ВИДЕО)

Қатты соққан бұрқасынның күштілігі соншалық, талдар тамырымен жұлынып жатыр.

Солтүстік аймақтарға бүгін қалың қар түсіп, қатты бұрқасын соқты. Қостанай, Рудный, Лисаковск қалалары және Әулиекөл, Беймбет Майлин аудандары электр желісінен ажырап қалған. Синоптиктер қалың қар осы күні Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысының кей аймақтарына жауғанын хабарлайды.

Синопктиктердің айтуынша, Қостанай облысына бүгін қардың 1 айлық көлемі түскен. Қалың қардан қалада қоғамдық көлік қозғалысы тоқтап, қалаға кіріп-шығатын күре жолдар жабылды. Қар бұл күні Қостанаймен бірге Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына да түсті. Мұндай видео әлеуметтік желіде шаш етектен.

Ал Қостанай облысында қатты соққан бұрқасынның күштілігі соншалық, талдар тамырымен жұлынып жатыр. Жітіқара ауданында мектептің шатырын ұшырып кеткен.

Әлеуметтік желіге жүктелген суретті Жітіқара білім бөлімінің басшысы Майра Бимағамбетова телефон арқылы растады. Ескі мектептің шатыры 2 жыл бұрын жөндеуден өткен. Ол үшін 5 миллион теңге жұмсалған екен. Келісім-шарт бойынша кепіл мерзімі біткен. Алайда, мердігердің үстінен шағым түсірмек.

Талдар мен электр бағандарының құлап жатқаны туралы да шағым көп. Сондай-ақ, 102-ге қоңырау шалғандар жолдағы жарнама билбордтары қирап жатқанын және кейбір ғимараттардың қаптамалары ұшып түскенін хабарлауда. Облыстық Полиция департаменті күн райының қолайсыздығына байланысты, тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берді.

Қазір облыстағы барлық полиция бөлімдері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Өйткені, Қазгидромет мұндай ауа-райы сәуірдің 10-на дейін жалғасуы мүмкін деп отыр.

«Ертең Қостанай облысы бойынша тұрақсыз ауа-райы сақталады. Тұман түсіп, бұрқасын соғады. Көк тайғақ болады. Түнде 3-8 градус аяз, күндіз 2 градус аяз, кей жердерде 8 градус жылы болады», - дейді «Қазгидромет» РМКК ауа райын қысқа мерзімге болжау басқармасының басшысы Алуа Саханова.

Синоптиктер күн райының қолайсыздығы алдағы күндері оңтүстік аймақтарда да байқалады деп отыр. Осы аптада Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарына жаңбыр жауып, арты қарға ұласатын көрінеді.

Дереккөз: «Астана» телеарнасы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары