Алматыда қалалық Адвокаттар алқасының мүшесі мас боп жүріп полицейлерге тап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шаляпин көшесімен келе жатқан нөмірі жоқ «Nissan Qashqai» автокөлігін байқаған полицейлер оны бірден тоқтатқан. Бірақ, көлік ішіндегі екі жігіт полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, қатты қарсылық танытады.
29 жастағы жүргізуші тәртіп сақшыларына аузына келген сөздерді айтып балағаттап тастаса, оның 1986 жылы туған мас жолаушысы патруль қызметкерін баспен ұрған. Күдікті дереу құрықталды.
«Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 3-бөлігінің 9-тармағы (Билік өкіліне зорлық-зомбылық көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ал жүргізуші – Ж. есімді азаматқа қатысты Әкімшілік кодекстің 590-бабының 2-бөлігі, 612-бабының 1-бөлігі, 613-бабының 4-бөлігі, 476-бабының 6-бөлігі бойынша материалдар сотқа жіберілді. Көлік арнайы айып тұрағына жеткізілді», - деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұратәлиев.
Полицейлерге доқ көрсеткен азаматтың Алматы Адвокаттар алқасының мүшесі, он жылдан бері қаладағы белді адвокаттардың бірі болып жүргені анықталды.