Елордада 37 жастағы азамат алдын ала дайындалған сценарий бойынша валюта айырбастау пунктінен 12 млн теңге ұрлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері валюта айырбастау пунктіне ұрлыққа түскен елорданың бұған дейін сотты болған 37 жастағы тұрғынын ізін суытпай ұстады», - делінген департамент ақпаратында.
Полициейлердің мәліметінше, ол ұрлыққа тыңғылықты дайындықпен барған. Ойын жүзеге асыру үшін өз көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін бұған дейін ұрлап алған басқа нөмірмен ауыстырған. Содан кейін бет-жүзін тұмшалап, дүкен мен айырбастау пункті орналасқан ғимаратқа көше жақ бетіндегі есігінің құлпын бұзу арқылы кірген.
Қозғалыс датчиктерін істен шығару үшін олар орналасқан жерге дейін еңбектеп жеткен. Бейнебақылау камерасының объективін жауып қойғаннан кейін ол айырбастау пунктіне еш кедергісіз кірген.
«Сейфті бұзып, ішінен жалпы сомасы 12 млн теңге болатын әртүрлі валютаны ұрлап кеткен. Осылайша сақтықтың барлық шараларын қолданғанымен, ойы жүзеге аспады. Із кесушілердің тынымсыз жұмыстарының нәтижесінде, қаскүнем ізі суымай қолға түсті.
Ол ұрланған қаражаттың жартысын жұмсап үлгерген екен. Ұсталған азамат тұтқындалып, Нұр-Сұлтан қалалық ПД уақытша оқшаулағышына қамалды. ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Елорда аумағында жасалған дәл осындай қылмыстарға қатысы тексерілуде», - деп атап өтті ведомстводан.