12.04.2020, 05:12

Түркістанда көпқабатты үй отқа оранды

Жалын 270 шаршы метр жерді шарпыған.

Түркістан қаласында көпқабатты үй өртеніп, тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін кешкісін сағат 18:30-дар шамасында 101 пультіне шақыру келіп түскен. Тұрғындар Боткин көшесіндегі екі қабатты үйдің өртеніп жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына облыстық ТЖД 20 сөндірушісі мен 8 техникасы жұмылдырылған. Өрт сөндірушілер жалынның төрт пәтерді шарпып, шатырға өткенін байқаған. Олар жедел 18 адамды арнайы сатылармен төмен түсіріп алды. Құтқарылған тұрғындардың арасында 6 бала болған.

«Шұғыл әрекет жасаудың арқасында өрт 19:35-те ауыздықталып, 19:48-де толықтай сөндірілді. Жалын 270 шаршы метр жерді шарпыған. Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір өрттің шығу себептері анықталуда», - делінген ТЖК хабарламасында.