14.04.2020, 05:10

Қостанай қаласында тұрғын үйлерге қар суы мен жерасты суы қатар кіріп жатыр

«Жерасты сулары көп. Оны қай жаққа шығаратынын қазіргі таңда ешкім айта алмайды. Ол жерге реконструкция салынбаған. Оған біз жоба жасаған жоқпыз», - дейді әкімдік өкілі.

Қостанай қаласындағы «Қостанай-2» шағын ауданының шет жағындағы бірнеше көшеде тұрғын үйлерге су кірген. Тұрғындар үш-төрт күннен бері сонымен арпалысып әлек. Мамандар да арнайы көлікпен сорып, амалдап жатқанмен, көше бойы – әлі де көлкіген су, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, baq.kz-ке сілтеме жасап.

«Болжам бойынша ертең жаңбыр жауады. Жерасты қоймасынан көтеріліп, ол үйге кіреді. Басқа барар жері жоқ. Тас жол салғанда қуанғанбыз, батпақтан арылатын болдық деп. Бірақ, одан не қайыр?! Суағар салмаған. Жыра таппаған соң, жиналған су аула, үйлерге кіреді», - дейді қала тұрғыны Наталья Хлёбина.

Ал қалалық әкімдіктегілер ол тұста жерасты суларының мол екендігін айтады. Топырақ жіпсіген сайын, қазылған қоймалардан су көтеріліп, бетіне шығады. Ондағы 30 шақты үйдің тек бес-алтауына ғана қар суы кірген. Қалғандарына сол жерасты суларының көтерілуі қиындық тудырып отыр. Ал жол бойына суағарлар салу үшін алдымен оның жобасы жасалуы керек.

«Жерасты сулары көп. Оны қай жаққа шығаратынын қазіргі таңда ешкім айта алмайды. Ол жерге реконструкция салынбаған. Оған біз жоба жасаған жоқпыз. Қазіргі таңда Белинский көшесі бойынша өзіміз қазып, біз қазір шығардық. Егер сол нәтиже беретін болса, қосымша жоба жасау керек», - дейді қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Наурызбай Мусин.

Тегтер: су Қостанай