Шымкентте блокбекеттегі полицейлерге қарсылық танытып, жаға жыртысқан үш азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов журналистерге ұйымдастырылған пресс-тур кезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Департамент бастығының айтуынша, үстерінен қылмыстық іс қозғалған үш адам тәртіп сақшыларымен төбелесуге дейін барған.
Жалпы, Шымкентте карантин режимін бұзған 842 тұрғынға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Олардың арасында 61 адам қамауға алынса, 120 адамға айыппұл салынған. 127 тұрғынға ескерту беріліп, 100-ге тарта автокөлік айыппұл тұрағына қойылған.
Жұқпалы дерттің таралу қаупіне қарамастан, тұрғындар қалада рұқсатсыз жүріп, маска тақпайтыны анықталған. Сауда нүктелері мен қоғамдық тамақтану орындары уақытылы жабылмай, санитарлық нормаларды сақтамаған.
«Қала аумағында короновирус инфекциясының таралуына жол бермеу шараларына Полиция департаментінің 1206 қызметкері жұмылдырылған. Қаланың кіреберіс жолдарына 18 блокбекет қойылса, қала көшелерінің қиылыстарында 20 бекет бар»,- дейді Ералы Жұмаханбетов.