Қарағанды облысында Audi көлігінің жүргізушісі болашақ жарын блок-бекет арқылы өткізбек болған. Алайда оның ойлағаны іске аспады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқиға Мұстафин ауылы маңындағы бекетте болған. Ол жерде кезекшілікте тұрған тәртіп сақшылары Audi көлігін тоқтатады.
Көлікті тексеру кезінде оның жүксалғышынан жасы 35-тегі әйел адам табылды. Ол бақылау пунктінен өтіп кету үшін көлікте жасырынып отырған.
Polisia.kz-тің мәліметінше, бұған қатысты жауап берген Audi жүргізушісі өзінің болашақта үйленгелі жүрген сүйіктісін жүксалғышқа салып, блок-бекеттен өткізбек болғанын айтқан. Қазір олардың екеуіне де төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін хаттамалар толтырылды. Тұрғындар 27 мың теңгеден аса айыппұл төлеуі немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Белгілі болғандай, бұл - бақылау бекеті арқылы адамдарды заңсыз өткізудің алғашқы жағдайы емес екен. Жуырда "Lada Priora" маркалы тағы бір автокөліктің жүксалғышынан көлік жүргізушісының танысы табылған. Олар да бақылау-өткізу бекетінен өтпек болған.