$ 494.87  520.65  4.91

Ордабасы ауданында қатты соққан дауыл 17 үйдің шатырын ұшырып әкетті

Тіпті, желдің екпіні қатты болғаны соншалық, ағаштар тамырымен опырылып құлаған. Электр бағандары құлап, сымдары үзілген.

Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында қатты дауыл тұрып, үйлер мен қоралардың шатырын ұшырып кеткен. Аққойлы ауылында табиғи апаттан 17 үйге шығын келген, деп жазады «Айқын» газеті.

Ауыл тұрғындары болса, 2 мамыр күні түсте аспанда бұлт үйіріліп, алып құйын пайда болғанын айтады. Артынша дауыл тұрып, бар болғаны 5-10 минут аралығында жан-жақты қиратып кеткен. Тіпті, желдің екпіні қатты болғаны соншалық, ағаштар тамырымен опырылып құлаған. Электр бағандары құлап, сымдары үзілген.

Жергілікті халық табиғаттың тосын мінезінен қатты қорқып, бас сауғалап кеткен. 60 отбасы тұратын аядай ғана ауылда 17 үйдің шатыры қирап, тұрғындар шығынға батқан. Олар бұл көріністі ұялы телефондарына түсіріп, әлеуметтік желілерге таратқан. Ал облыстық ТЖД мамандары желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жеткен деп отыр.

«ТЖД басқару пультіне шамамен 15:00-де Аққойлы елді мекенінде қатты жел салдарынан 17 үйің шатырын ұшырып әкеткені туралы хабарлама келіп түсті. 420 тұрғыны бар ауылда 3 электр бағаны құлап, жергілікті халық жарықсыз қалған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген. Қазіргі таңда «Оңтүстік жарық» ЖШС қалпына келтіру мен жарық беру жұмыстарын жүргізуде» делінген хабарламада.

Сондай-ақ, қазіргі таңда аталған ауданда осы оқиғаға байланысты арнайы штаб құрылған. Онда комиссия мүшелері табиғи апатттан келтірілген шығын көлемін есептеуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары