$ 494.95  525.49  5.05

«Өлтіремнен басқаны айтпайды»: түркістандық азамат әйелін балталап тастады

Мүгедек болып қалған Әлияның туыстары күйеу балалары жазадан тағы құтылып кете ме деп қорқады.

Түркістан облысында жантүршіктірерлік жағдай. Келес ауданы, Абай ауылында күйеуі өз әйелін көшеде кетіп бара жатқан жерінде балталап тастаған. Басы мен қолынан жараланған 46 жастағы әйелдің бір көзі енді көрмейді, деп жазады otyrar.kz.

Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған Әлияның жағдайы осындай (суретте). Қолы шабылған, балта тиген басы қақ айрылғандай. Абай ауылындағы емханада медбике болып істейтін Әлия, екі аптадан бері үнемі ұрып-соғатын күйеуінен кетіп, қыздарымен бөлек үйде тұрып жүрген. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда тып-тыныш көшеде ту сыртынан келген күйеуі екі қызының анасына басқа емес, балта жұмсапты.

«Жұмысқа шығып келе жатқанымда күйеуім Матқұлов Мұрат мені балталап тастады. Тегі сөзге келмейді, өлтіремнен басқаны айтпайды. Сонымен 15 жыл отасып, 16 жылдан бері көретін жәбірім сол. Тек зорлық-зомбылық. Жақындама маған, не болды саған, тыныштық па десем, «сөйлеспеймін, сені өлтірем, сені өлтірем» деп балталап тастады мені».

Елуді еңсерген күйеуі әйеліне көшеде шабуылдаған. Қайта әйелдің шыңғырған даусына көшедегі екі жігіт жүгіріп келген соң, Мұрат Матқұлов қаша жөнеліпті. Оқиға орнында көшені бақылайтын камера да орнатылған. Бірақ, ол әлі іске қосылмаған болып шықты. Көп қан жоғалтып, ауруханаға тым ауыр жағдайда түскен Әлияның тірі қалуы үшін дәрігерлер жарты күн ота жасапты. Ол үшін санавияция желісімен облыстан бірнеше дәрігер алдырылған.

«Басына оң жағына енді «рубленый рана» дейді ғой, балтамен шабылған деген. Сол үлкен жара, шабылған жара. Сосын қолына, оң қолына білегі кесілген жарақаты, бесінші саусақ «открытый переломмен». Оның бәрі тігіліп, орнына қойылды», - дейді Келес аудандық ауруханасы жарақаттану бөлімінің меңгерушісі Рүстем Раисов.

Әлияның көршілері Мұрат туралы жақсы пікірде емес. Қара базарда валюта айырбастап, ақша табатын ол қоңсыларымен де сөйлеспейді екен. Ал Әлия соңғы уақытта көршілеріне көп шағымданыпты.

«Күйеуім мені де ұрады, қыздарды да ұрады, қыздар да азар да безер деп жиі айтып жүрді. Өзі бірақ сәл біртүрлі еді Мұрат», - дейді көршісі Майра Егембердиева.

Қазіргі қолға түскен оның балтасымен бірге өзінен де сараптама алынған, тергеліп жатыр. Ал күндіз-түні ауруханада ауыр жарақатпен жатқан туысының тілеуін тілеп жүрген жақындары күдікті жазадан құтылып кете ме деп қорқады.

«Ажырасып та көрді бұнымен. Әйтеуір, 2 қызы жетім болмасын, осылар әкесі жоқ боп өспесін деп, жалынып келгеннен кейін Құран ұстап, бізге ант-суын ішкеннен кейін жарастырып едік. Осы уақытқа дейін жазаланбады ғой бұл. Неше рет ұрды, басқа қылды. Әйтеуір, шығып кете береді ғой тыныш қана. Енді осыдан құтылып кетпесін, әділдігін алсыншы бұл», - дейді жәбірленуішінің жеңгесі Жанар Әйтімбетова.

Әлия Әйтімбетованың туыстары бұл істі прокуратура ерекше қадағалауға алғанын қалайды. Ал әйелін балталап, қансыраған күйінде тастай қашқан күдіктіге қатысты полицейлер «адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғады. Бәрінен де екі қызға қиын соққандай. Өйткені, әбден шошып қалған оқушыларға психологтардың көмегі керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары