$ 447.4  477.55  4.76

Қырғыз-тәжік шекарасында тұрмыстық жанжалдың арты атысқа ұласқан (ВИДЕО)

Айта кетсек, бұл қырғыз-тәжік шекарасындағы бірінші оқиға емес. Екі ел азаматтары арасында қарулы қақтығыс 2019 жылдың шілде, желтоқсан айлары мен биылғы қаңтарда да болған.

Бүгін әлеуметтік желілерде қырғыз-тәжік шекарасында атыс болғандығы жөнінде бірнеше видео тарап жатыр. Ал Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі шекаралас өңір тұрғындарының қақтығысына тұрмыстық жанжал себеп болған деп мәлімдеді, деп жазады Skifenews.kz ақпарат порталы.

«Алдын ала ақпарат бойынша, екі ел азаматтары арасындағы қақтығыс шекаралас өңірдің екі тұрғынының тұрмыстық кикілжіңінен туған. Қазіргі уақытта Баткен облысындағы шекаралық аумақта жағдай тұрақты. Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары жағдайды бақылауға алды», - делінген ведомствоның ресми сайтында. Қазір оқиға орнында Қырғызстан Ішкі істер министрінің орынбасары да жүр.

Еске сала кетсек, екі ел азаматтарының арасында қақтығыс болып жатқаны туралы хабарлама Баткен облыстық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне 7 мамырда сағат 20.00 шамасында түскен. Бастапқыда Ақ-Сай, Көк-Таш, Орто-Боз елді мекендерінің үстінен өтетін Ворух – Исфара автожолында адамдар бір-бірін таспен атқылаған көрінеді.

Оқиға орнына келген милиция қызметкерлері қырғыздар жақтан 500-ге жуық, тәжіктер тарапынан 100-ге жуық адам жиналғанын көрген. Тәртіп сақшыларының араласуынан кейін, сағат 22.50 шамасында екі жақ бір-біріне тас атуды тоқтатыпты. Бұл кезде Қырғызстанның азаматтары Көк-Таш, Таш-Тұмшұқ, Орто-Боз ауылдарында болса, Тәжікстан азаматтары Майский және Чорку елді мекендерінде топтасқан.

Сосын сағат 23.30-да жағдай әлі де шиеленісіп тұрған. Ол кезде жаппай тәртіпсіздік салдарынан 20-ға жуық адамның жараланғаны белгілі болды. Ал қазір зардап шеккендердің саны нақтыланып жатыр. Тәжікстандықтардың қаншасы жарақат алғаны белгісіз. Олардың қырғыздарға тиесілі май құю бекеттерін, көліктер мен сауда орындарын өртегені туралы мәлімет тексерілуде.

8 мамыр күні сағат 02.00-де 500-ге жуық қырғыз оқиға орнынан үйлеріне тараған. Бұл уақытта Тәжікстан азаматтары да жанжал аймағынан көрінбеді. Қырғызстанның түрлі деңгейде жарақат алған 10 азаматы Баткен облыстық орталық ауруханасына жеткізілді.

Ішкі істер қызметкерлері екі ел азаматтарының қару қолдану дерегін де нақтылап жатыр. Себебі, видеоларда автомат пен мылтық дыбысы естіліп тұр. Тіпті, fergana.news сайты шекарада минометтің жарылғанын да жазды. Сондай-ақ, 8 мамыр күні сағат 04.00-де Баткен облыстық басқарма мамандары халық арасында алдын алу шарасын жүргізіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін толық бақылауға алған.

Айта кетсек, бұл қырғыз-тәжік шекарасындағы бірінші оқиға емес. Екі ел азаматтары арасында қарулы қақтығыс 2019 жылдың шілде, желтоқсан айлары мен биылғы қаңтарда да болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары