Үшінші рет көзі ашық, дені сау адамның аузынан жын туралы естіген кезде оның анық-қанығын анықтауды ұйғардым. «Бойы екі метр, көзі от шашқан және ұшатын» кейіпкердің тылсым күшіне елең етпеске болмайтын еді.
"Жасөспірімдерді ұрлайтын ұшатын жынның" келбеті айбынды полиция қызметкерлерінің көз алдында көз алдында көрінгені туралы естіп, оны көзімен көрген адамдармен сөйлескенше аса үрей туғызғанын жасырмаймын. Өйткені анау-мынау емес, мұны 25 жылдық еңбек өтілі бар жедел жәрдем дәрігері растаған еді.
- Алғашқы қоңырау Еркінқала бақылау-өткізу қосынынан сағат түнгі он бір жарымдарда түсті, - деп әңгімелейді 12-ші сәуірден 13-ші сәуірге қараған түні кезекшілік еткенорталық медициналық жедел жәрдем стансасының диспетчерлік қосын ауысымының аға дәрігері Шохан ЖАУЫРОВ.
– Полицейлер біртүрлі оғаштау көрінген адамға көмек керек деп бізді шақыртқан еді. Мен оның әрекетінің қандай екенін сипаттауды өтініп, «біздің пациент» емес, психиатриялық диспансерге хабарласыңыздар дедім. Екі минуттай уақыт өткеннен кейін қайтадан қоңырау шалып, оның жарымес еместігін, оның тосын әрекет жасап жатқандығын айтып, ақылға қонбайтын нәрселерді сипаттап, келіңіздер деп айқай салды... Біз сол жерге бригадамызды жібердік. Бірнеше уақыттар өткен соң фельдшер қоңырау шалып, не екенін түсіндіре алмаймын, оғаш нәрселер болып жатыр деп айқайлады... Мен тұтқаны қосын қызметкеріне беруін сұрадым. Сол жерде жол полициясы қосыны болатын. Ал ол: «тағы бригада жіберіңіздер, өздеріңіз келіңіздер, ол ұшып жүр, ұшып...», деді бар дауысымен... Дауысынан түсініксіз нәрсе болып жатқаны, адамдардың үрейленгені білініп тұрды. Мен үшін қызметкерлерімнің қауіпсіздігі маңызды, сондықтан бригаданы кері қайтаруға нұсқау бердім. Иә, бәрін қайта қарап шығуға болады, барлық қоңырауларды диспетчерлер тіркеп отырады. Бригада келіп жеткен соң, екі сағаттай өздеріне келе алмай, сұмдық жағдайды әңгімелеп берді. Сол күні түнде басқа бригадалар, негізінен әйелдер жағы Еркінқала маңындағы шақыртуларға барудан бас тартты.
-Өзіңіз қалай ойлайсыз, ол не болды екен?
- Мен ол жерде болған жоқпын ғой, білмеймін. Бірақ әріптестерімнің айтуынша, біздің тәжірибемізде ондай бұрын-соңды болып көрмеген.
ҚОРЫҚҚАНҒА ҚОС КӨРІНГЕН БЕ?
Кезекші бригада оқиға аяқталған соң келген. Фельдшер мен санитаркалардың, жол полициясы екі қызметкерінің және мерзімді қызметтегі екі сарбаздың куәлік етуінше, сұмдық жағдай орын алған. Олардың айтуынша, вагонға жақын маңда биіктіктен әлдекім тарс етіп құлап түскен. Көз жеткізу үшін олар жаңадан пайда болған шұңқырды көрсетті. Оның жанында бейсболка жатты. Сол «әлдекімге» қолшам жарығын түсірген кезде, оның көзі оттай жанып, содан соң қап-қара боп кеткен. Адамдар ыршып түседі. Бірақ сәлден соң көздері орнына келіп, жас жігіт көмек сұрап, жылап жіберген. Қасындағы қызметкерлер «құс келді, құс кетті» деген сырқаттың құрбаны шығар деп ойлап, дәрігерлерді шақыртқан. Ал өздері сол уақытта жедел жәрдем келгенше науқасты вагонға әкелмекші болады. Алайда бұл оңай шаруа болмай шыққан. Бейтаныс жігіттің әлсін-әлі көздері оттай жанып, оны әлдекім біресе жаныштап, біресе қысып, жоғарыдан лақтырып жібергендей болып бес метрдей алысқа ұшып кеткен. Содан кейін жігіт кетіп қалған. Қатты қорқып кеткен полицейлердің айтуларымен фельдшер толтырған шақырту картасындағы жазбалар осылай баяндайды.
- Олар қорыққандарынан қан-сөлсіз боп кеткен еді, - дейді санитарка Торша. – Біз де қатты қорқып кеттік, кетіп бара жатқан жігітке жақындауға батылымыз бармады...
Полицейлер менімен көп сөйлеспеді. Дәлірек айтқанда, сол күні кезекшілік еткен инспектор Б.Е. сөйлесуден бас тартты.
Тек сол ауысымда тосын құбылыстың болғанын растап, толық әңгімелеп беруді сарбаздарға сілтеді:
- Олар борыштарын өтейді де кетеді, ал мен осы жерде қаламын ғой, - деді ол.
ОЛ ҰШҚАН ЖОҚ
Ақыры сол түні оқиға туралы бақылау-өткізу қосынында кезекшілік еткен сарбаздың өз аузынан естудің сәті түсті. ҚР ІІМ ішкі әскери жасағының 5546 әскери бөлімшесінің басшылығы тосын келген журналистке қуана қоймады:
- Бір нәрсе бүлдірген бе? – деп алаңдады штаб бастығы майор Бахтиер КУВАТОВ. Сөйтсе, бөлімшедегілер сарбаздың кезекшілігінде болған оқиғаны білмейді екен. Алайда 20 жастағы Марат МАХАМБЕТОВ жасырмады.
Инспекторлар сыртқа шақырғанда олар вагонда отырған екен.
- Шықсақ, шамамен 20-22 жастағы жас жігіт екі қолын екі жаққа жазып, етпетінен жатыр екен. Ол ыңырсып, жылап жатты. Орнынан тұрғысы келді, бірақ әлдекім немесе әлдене оған тұруға мүмкіндік бермеді. Ақыры ол жүресінен отырды. Содан кейін кейін шалқалап, көзін ашты. Кенет көздері қарайып кетті. Біз ыршып кеттік. Ал ол көмек сұрап, жылап, ішінде әлдебіреу бардай біреуге шағым айта бастады. Оның денесі жиырылып, жаншылғандай болды. Біз жедел жәрдем шақырып, оның қасына қайта бардық. Әлгі кенет еш сүйенішсіз ұшып тұра келді...
Қызметкерлерді бәрінен бұрын осы үрейлендіріпті. Бейтаныс жігіттің осы әрекеті левитацияға қатысты аңызға негіз болған. Ол аты-жөнін және қандайма болмасын ақпарат қалдырмаған. Сарбаздардың айтуынша, сөйлейтін жағдайда болмапты.
- Содан кейін трасса бойымен жақын маңдағы Еркінқала ауылы жаққа қарай кетіп қалды. Біз артынан ердік. Бірақ инспекторлар бізге кері қайтуға бұйрық берді. Ал өздері машинамен еріп отырды. Жарты сағаттан кейін олар жедел жәрдем бригадасымен бірге қайта оралып, жігіттің үйлердің арасына кіріп кеткенін айтты.
- Сонымен ол ұшты ма?
- Жоқ, - деді бірауыздан екі сарбаз да. Сұлтан БАЗИЛОВ келесі күні қызметтес сарбаздың сөздерін растады. 19 жастағы бозбала қорыққанын жасырмады.
- Ол науқас деп ойлайсың ба?
- Ол желікпеге ұшыраған деп ойлаймын, - деді Руслан негізгі болжамдардың бірін айтып. – Ауылымнан осындай адамдарды көргенмін...
МҰНЫҢ ШИПАСЫ БАР
Бұл не сонда – тылсым күштің құбылысы ма, сәтті шыққан әзіл ме, әлде әлдебір сырқаттың әсерінен туындаған үрей ме? Диспетчердің айтуынша, облыстық ауруханаға да, психиатриялық клиникаға да өткен аптада «оғаш» жандар түспеген.
Облыстың бас имамы Нұрбек ЕСМАҒАНБЕТ үйреншікті нәрседей кейіп танытты:
- Мұндай адамдар қазір көп. Біз оларды емдейміз, олардың бойынан жындарды оқып шығарамыз. Бізде арнайы оқыған адам бар.
- Қандай адамдарды?
- Жын кіріп кеткен.
- Неліктен олар қазір көбейген?
- Өйткені адамдар лас өмір сүріп жатыр, арақ ішеді, темекі тартады, діндерін ұмытқан...
Дін қызметкері бұған күмән келтірмеді.
Мен дәрігерлерге сырқат белгілерін сипаттадым. Облыстық психоневрологиялық аурухананың бөлімше меңгерушісі
Алмаш МҰСТАФИНА ойланып:
- Бәлкім, сол кезде ол жүйкесіне әсер ететін белсенді заттарды қолданған болар... Мүмкін ол әлдене естіген немесе көрген шығар. Жалпы тексеріп шықпасам, көзіммен көріп, пациенттің өзінің әңгімесін тыңдамаған соң, ештеңе айта алмаймын.
Наркологтар бірден бастарын ала қашты.
"Нашақорлардың «денесі сыну» кезінде көздері керісінше кішірейіп кетеді. Басқа жағынан да біздің пациентіміз емес", - деді сұраққа анонимді түрде түсінік беруді жөн көрген наркодиспансердің дәрігері.
"Мұндайға адреналиннің түзілуі сеп болады. Яғни, көздің қарашығы ұлғайып, қайтадан орнына келеді... Қарашық психикалық тұрақсыздыққа тән күшті эмоцияның салдарынан және қатты күйзелісті бастан өткізген дені сау адамдарда да суреттелген мөлшерге дейін ұлғаюы мүмкін", - дейді облыстық офтальмологиялық аурухананың дәрігер-офтальмологы Әлия УЛЬЖИТАЕВА.
…Тоқтаңыз, мен мұны бір жерден естіген тәріздімін. Бәлкім, дәрігерлер мен дін қызметкері бір құбылысты әртүрлі атаулармен айтып отырған болар? Біріншісінде күйзелістің әсері десе, екіншісінде бойына жын кірген дейді.
Қалай дегенде де, қаламызға тыныш ұйықтауға болады. Басқа планета қонақтары әзірге басып алмайтын тәрізді. Ал бойына жын кіргендерді, егер олар бар болса емдейді. Әлгі оғаш көрінген жігітті де, мені де, сізді де емдейді...
Дереккөз: azh.kz