$ 449.58  486.94  4.86

Қарағандыда түрме бастығы жазасын өтеушілерге пәтерін жөндеткен

Жазасын өтеушілер күзеті бар арнайы көліксіз түрме аумағынан еркін шыққан. Олар түзету мекемесінен шығып, «Шкода» қызметтік көлігіне мініп, кетіп отырған.
фото: 24.kz
фото: 24.kz

Қарағанды қаласында «16-шы түрме» деп аталып кеткен тергеу изоляторының бастығы үш жазасын өтеушіні пәтер жөндеуге жіберіп отырған. Тергеу изоляторы бастығының бұйрығымен айыпталушылар жаңа тұрғын үй кешеніне барып, күндіз пәтер жөндеумен айналысқан.

Түрмедегі кезекші бөлімнің мамандары бастықтың пәрменінен қорқып, камерада отыруы тиіс айыпталушыларды күндіз жөндеу жұмыстарына босатып отырған. Жазасын өтеушілер күзеті бар арнайы көліксіз түрме аумағынан еркін шыққан. Олар түзету мекемесінен шығып, «Шкода» қызметтік көлігіне мініп, кетіп отырған.

Сотталушылар пәтерде жұмыс істеп отырғанда оларды көлік жүргізушісі, аға сержант күтіп отырады. Күндіз жөндеу жұмыстарын жасаған сотталушылар кешке қарай түрмеге қайтады. Бастықтың өз лауазымын асыра пайдаланып, шаруасын тындырып жүргені жайындағы ақпаратты Полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасына бейтаныс жандар жеткізген.

Полиция департаменті жеке қауіпсіздік басқармасының мамандары аталған мекен-жайдағы пәтерге барып, еңбек етіп жүрген жазасын өтеушілердің үстінен түскен. Енді түрме бастығымен қоса, сотталушыларды түзету мекемесінен шығарып отырған мамандар жазаға тартылады.

Бүгінде бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеру басталып кеткен.

«Аталмыш фактіге орай, ҚР ҚК-нің 362-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілуде», – деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы.

Дегенмен, түрме бастығының бұған дейін жеке шаруасын тындырып алу үшін қанша сотталушыны заңсыз жұмысқа жеккені әзірге белгісіз болып отыр.

Арайлым ЕРКЕБАЕВА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары