$ 498.34  519.72  4.85

«Тоқаевқа жетуі керек, сонда әділдік болады»: жаркенттік полицей кәсіпкерді әлі бопсалауда (ВИДЕО)

«Егістігіңе, малыңа, жайлауыңа жете алмай қаласың. Машинаңа діни кітап немесе қару-жарақ салып, экстремизммен отырғызамын», - деген ол, енді онысына «Алаяқтық» бабын «жамап» отыр екен.

Еске сала кетсек, таяуда ғана журналист Ардақ Байғабыл facebook парақшасына өзінің досы, кәсіпкер Асылбек Әукеновтен полицейлердің пара дәметіп, оны беруден бас тартқаны үшін егістікте машинасына қару салып жіберіп «ұстағандары» туралы жазған еді. Енді ол аталған оқиғадан кейін жәбірленушімен тікелей эфирде сұхбат жүргізді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мәселенің неден туындағаны бүге-шігесіне дейін айтылған ол сұхбатты бүгін белгілі журналист, қоғам белсендісі Серік Абас-шах та өзінің facebook парақшасында бөлісті.

Сонымен, бұл жағдай Алматы облысына қарасты Жаркент ауданының Көктал ауылында болып жатыр. Алдымен кәсіпкердің өз егістігінде тапа-тал түсте «заңсыз қаруды тасымалдап жүрген күдікті» ретінде ұсталғаны туралы видео үлкен резонанс тудырды. Ал мына сұхбатта оны кәсіпкер, атбегі, спорт шебері, ауылынан жастарға спорт кешенін салған қайырымды азамат ретінде таныстырған Ардақ Байғабыл: «Сенен полиция қызметкерлері не себепті 10 мың доллар пара сұрады?» - деп, көптің көкейіндегі сұрақты қойды.

«Мен қаңтар айында олардың үстінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне шағым түсірдім. Анықтап айтқанда, Жаркент аудандық Полиция басқармасы Жедел іздестіру тобының бастығы Асхат Көсембаевтың үстінен.

Қаңтардың 16-сынан 17-сіне қараған түні жастар арасында атыс болды. Менің спорт кешенімнің қасында. Күсембаев Асхат маған айып тақты. Дауыс көтеріп, моральды қысым жасады. Намаз оқығаным үшін «ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі ретінде экстремизм, терроризм тізіміне қоямын» деп қоқан-лоққы жасап, қысым көрсетті. Мен бас тарттым.

Бір күннен кейін шақырып алып: «Оның жолдары бар, шешеміз. Сен маған 10 мың доллар берсең, бәрін реттеймін. Егер келіспесең, мен саған кім екенімді көрсетемін», - дейді. «Ауылыңда жүре алмай қалатыныңа кепілдік беремін. Егістігіңе, малыңа, жайлауыңа жете алмай қаласың. Машинаңа діни кітап немесе қару-жарақ салып, экстремизммен отырғызамын», - деп, кейін тура сол айтқанын істеп, кешегі күні қаруды салды», - дейді «жазықсыз жапа шеккенін» дәлелдей алмай жүрген кәсіпкер.

Айтуынша, жергілікті полиция сол «табылған» қарудан ешқандай сараптама алып, оның нәтижесін «күдіктіге» таныстырмаған. Оған қоса, Асылбек Әукеновтен мәжбүрлі түрде қан мен сілекей алғалы жатыр екен.

«Негізінде ондайлар басқа қылмыстармен алынады. Ол жерде адам өлген жоқ, пышақталған жоқ, зорланған жоқ», - деп шыр-пыр етеді кәсіпкер. Осы орайда, журналист досы одан: «Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. Асылбек Әукеновтің үстінен сараптама тағайындалды деген. Сонда ол жалған ба?» - деп сұрады.

«Жалған. Маған мәжбүрлі түрде соттан санкция алды да, енді сараптамаға сілекей мен қан алуға апарады. Оның себебі маған беймәлім. Не үшін екенін адвокатқа да көрсеткен жоқ. Адвокатым қаулымен таныстыруды талап етті. Бірақ, күнде ертеңмен бермей келе жатыр», - дейді Асылбек Әукенов. 

Мәселенің мән-жайына қаныққан тілші тікелей эфирде одан мынадай пайым жасады: «Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі «сараптаманы тағайындадық» дейді, бірақ, тағайындамаған. Бұл – үлкен заң бұзушылық. Алматы облысының әкімі Баталов мырза, Полиция департаментінің бастықтары, осыған байланысты астанадағы министрлікте, прокуратурада отырған азаматтар, осыған назар аударыңыздаршы, өтініш! 

Адамның тағдыры шешілейін деп тұр мына жерде. Немесе сотталады, артында шырылдап, бала-шағасы, әке-шешесі қалады. Нақақтан-нақақ. Қазірдің өзінде, ағайын, «суық қаруды көлігінде сақтады» деген бір ғана баппен. Енді тағы бір сұмдық жағдайды естіп отырмыз. Асылбектің үстінен «Алаяқтық» бабы бойынша тағы да бір іс қозғады».

Ал кәсіпкердің өзі: «Ол не алаяқтық екенімен мені де, адвокатымды да таныстырған жоқ», - деп таңданып отыр. Сөзін одан әрі сабақтаған журналист: «Заң бойынша, сол жерде айғақ ретінде алынған қарулардан саусақ таңбалары алынуы керек еді. Ол да алынбаған. Енді ДНҚ, сілекейді зорланған қыз, өлген адамның денесінен тапқан ете салады», - деген күдігін білдірді.

Тікелей эфирдегі сұхбатты көрген Сәния Құрманова есімді желі қолданушы: «Құдай сақтасын, пәле жабайын десе, неше түрліні ойлап шығарады екен ғой», - деп шошыды. Ал Мейіржан Әуелханұлы деген азамат, жазба астына Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мен кеңесшісі Ерлан Қаринды белгілеп, мәселеге назар аударуларын сұрады.

Тағы оқи отырыңыз: «Мына маскадағы жігіт салып жіберді»: қару-жарақпен ұсталған кәсіпкер полицейлерді кіналауда (ВИДЕО)

Ал Асылхан Қабылбеков есімді жігіт: «Біздің Шуда да осындай көп оқиғалар болған. Бір әйел баласы үшін Астанада өзін өртеп қайтыс болған, осындай әділетсіздік үшін. Бүкіл Қазақстан біледі. Бірақ, сол адамға Алла жазасын берді... Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа жету керек. Сонда әділдік болады» деп жазды. Жергілікті шен-шекпенділер халықтың үмітін ақтай алмай, сенімінен шығып қалып жатқан соң айтқаны ғой...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары