$ 445.66  474.58  4.78

«Саусағында тырнақтары жоқ»: Шымкенттің бір топ бұзақысы студентті айуандықпен ұрып-соққан (ВИДЕО)

Дәрігерлер Абзалдың хал үстінде жатқанын айтты.

Шымкентте жаппай төбелес болды. Нәтижесінде 17 жастағы жігіт комаға түсті. Қазір дәрігерлер студенттің өмірін сақтап қалу үшін күресуде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Туыстары жергілікті полицияға да, дәрігерлерге де сенбейді. Олар денсаулық сақтау министрінен зардап шегушіні елордалық ауруханаға жеткізуге көмектесуін сұрап отыр.

Абзал Өткіровтің туғандары айтқандай, төбелес 22 мамыр күні Маятас шағынауданында болған. Студент достарымен кездесуге кеткен. Жолда оларға бір топ жігіт жолығып, ерегіс соңы төбелеске ұласқан. Ондаған жігіт Абзалды әбден қорлаған.

«Құлағы мен басынан қан ағып тұрды. Саусағында тырнақтары жоқ. Айуандықпен ұрып-соққан. Інім спортпен айналысады, бірақ, 7-8 бала жабылғандықтан қарсы тұруға шамасы келмеген. Барлығы 15 адам болған дейді, бірақ, сот санкциясымен тек төртеуі ғана қамауға алынған. Біз оларды түгел ұстап, тергеуге алуды талап етіп отырмыз, барлығы да қамалу керек», - дейді Абзалдың ағасы Алмас Өткіров.

Дәрігерлер Абзалдың хал үстінде жатқанын айтты. Туыстары болса дәрігерлердің біліктілігіне күмәнмен қарап отыр, астанадан білікті мамандар келсе дейді. Жәбірленушінің ағасы осындай хатпен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа хат та жазған. Министр жағдайды бақылауға алатынын айтып уәде берген.

«Министрдің тапсырмасымен кешкі алтыға дейін санавиация келеді деді. Оны не алып кетеді, не осында дәрігерлер жеткізіледі. Консилиум болып, сонда шешіледі. Мұны бізге қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары айтты», - деді ол.

Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері студентті мүлде қозғауға болмайтынын айтып отыр. Өйткені науқас жолда жан тапсыруы мүмкін. Олар бүкіл процесс Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандарының келісімімен жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.

Полиция мен прокурорлар жаппай төбелестің егжей-тегжейін жария етуден бас тартты. Жанжалға қатысушылар кәмелетке толмағандар болғандықтан жариялауға болмайды екен-мыс. Туыстарының айтуынша, күдіктілердің кейбірі қашып кеткен. Күдіктілердің қатарында Еңбекші ауданы депутатының туысы бар болуы мүмкін.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары