Көкшетауда уақытша қамау абақтысынан бір түнде 6 адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Екеуі ес жимастан көз жұмса, тағы екеуінің жағдайы мүшкіл.
"Екеуінің жағдайы өте қиын. Орысша «критический» деп айтуға болады.Науқастарға қазір алдын ала диагноз қойылды, ол уланған. Сусындардан немесе есірткіден улануы мүмкін. Қазір тексеріп жатырмыз. Нәтижесі әзірге белгісіз", - деді Көкшетау қалалық ауруханасының бас дәрігері Нариман Сыздықов.
Абақтыдан жеткізілген 6 науқас та әкімшілік жазасын өтеп жатқандар. Негізінен жол жүру ережесін бұзып жаза кесілгендер екен. Бір камерада отырған. Таңға жақын барлығының денесі құрысып, естен танып, тіпті денелесі күп болып ісіп кетіпті. Үш жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жылдам жеткізгенімен, 32 және 41 жастағы екі азаматты аман алып қалу мүмкін болмады. Дәрігерлер енді басқа науқастар үшін жанталасуда. Оқиғаның мән-жайын Ішкі істер министрлігінен арнайы келген комиссия тексеріп жатыр. Ал прокуратура қылмыстық іс қозғап, зардап шегушілердің туысқандарын да тергеуге алды.
"Анамды үйден келіп полиция алып кетті. Қазір барлық туысқандарды тергеп жатыр. Түрмеге қандай тамақ апарғанын сұрауда. Науқастардың арасында ағам бар. Жүргізуші куәлігінсіз жүріп, жол жүру ережесін бұзғаны үшін 30 күнге абақтыға жабылған. 25 күнін өтеп еді. Осындай жағдайға душар болды", - деп жан ұшырды інісі.
Дереккөз: КТК арнасы