Алматы облысы Іле ауданында тұрғынға тіл тигізген шенеунік жұмысынан қуылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Іле ауданы әкімдігінің қызметкері тұрғынға "сен сасықсың" деп тіл тигізген.
Аудан тұрғыны әлеуметтік желіде әкімдік қызметкеріне шағым түсірген. Желіде жарияланған видеода мемлекеттік қызметкердің тұрғынға тіл тигізгенін көруге болады.
"Сен публикаға ойнама, сасисың (...) Сасықсың ғой сен. Мен сенімдімін, жауап беремін", - дейді шенеунік видеода.
Тұрғынның айтуынша, ол әкімдікте неге видеоға түсіруге болмайтынын білгісі келген. Осы уақытта оның алдынан кәсіпкерлік бөлімінің басшысы шығыпты.
"Неге әкімдік қызметкерлері смартфон пайдаланады? Ал бізге неге рұқсат жоқ? Менің ойымша, бұл біздің құқығымызды шектейді. Бір қызметкер ұялы телефонға түсіргенім үшін ашуланды. Ол карантин режимін бұзып жүргенімді айтты. Бірақ өзі маска тақпай, карантинді бұзып жүр", - дейді тұрғын.
Ол шенеунік "Мал, сасисың. Қазір еркектің бәрі көйлек кисін" деп өзіне тіл тигізгенін ашық айтты.
"Менде бұл видео бар. Ол дұрыс түсіндірудің орнына неге адамға тіл тигізеді?", - дейді тұрғын.
Tengrinews.kz редакциясы оқиғаның мән-жайын білу үшін Алматы облысының әкімдігіне хабарласты. Ондағы қызметкерлер бұл жағдайдан соң шенеуніктің жұмысынан қуылғанын айтты.