Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының тұрғыны мектеп директорын айыптап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Олардың сөзінше, бұл оқиға былтыр қараша айында болған. Сабақтан шыққан 11-сынып оқушысын мектеп директоры өз кабинетінде соққыға жығыпты. Қаршадай балаға қаһарын төккен директордың бұлай ашулануына не себеп болғаны да белгісіз.
"Кім кінәлі, кімдер тергеуге кедергі жасады, сол кісілер тиісті жазасын алса дейміз және баланың құқығы заңды түрде қорғалса деген біздің ойымыз бар. Енді мен ойлаймын, бала жаман болып шыққан күннің өзінде де оны ұруға директордың құқығы жоқ шығар деп", - деді жәбірленушінің ағасы Алмас Жұмагелдиев.
Облыстық полиция департаментінде қылмыстық кодекстің 140шы бабы бойынша іс қозғалған. Яғни, мұғалім лауазымды атқару құқығынан үш жылға дейін айрылуы мүмкін. Бұдан бөлек 160 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде айыппұл салынуы тиіс. Ал, облыстық білім басқармасы бұл істің нүктесін сот қоятынын айтып отыр.
"Сырым аудандық білім беру бөлімінің мәлімдемесі бойынша Ақбасов директорлық лауазымнан шеттетіліп, сол мектепте басқа қызметте жұмыс істеп жатыр", - деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Нұргүз Қаресова.