Түркістан облысының криминалдық полиция қызметкерлері браконьерлікке қатысы бар деген күдікпен 10 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан облысы Полиция департаментінде БАҚ-ның өкілдерімен брифинг өткізілді. Онда департамент басшысының орынбасары Құрманбек Сахов бірнеше жылдар бойы Шардара су қоймасынан заңсыз балық аулап жүрген қылмыстық топтың ұсталғанын хабарлады.
"Сәуір айының басында Түркістан облысы Полиция департаментіне белгісіз біреулер Шардара су қоймасы аумағында заңсыз балық аулаумен айналысатыны туралы арыз келіп түскен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді", – деді Қ.Сахов өз хабарламасында.
Департаментте бірден осы белгісіз адамдарды анықтап және ұстауға бағытталған арнайы жедел тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері заңсыз балық аулаумен айналысқан қылмыстық топтың ізіне түсті. Бұл әрине, полицияның бір күндік жұмысының қорытындысы емес.
Жедел уәкілдер күдіктілерді ұстау үшін екі ай бойы дәлелдемелер жинақтады. Қылмыстық кәсіпке күдікті барлық қатысушылардың байланыстары зерттеді. Қорытындысында, маусым айының басында полиция қызметкерлері 10 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады, оның үшеуі әйел. Олардың барлығы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 20-дан 53 жасқа дейінгі тұрғындары болып шықты.
Айғақты зат ретінде балық аулау құралдары (электр құрал-жабдықтары, желілер, металл ілмектер), 13 моторлы және резеңке қайықтар, 12 калибрлі 389 оқтары, бір жарым тоннадан астам балғын балық және 425 килограмм ысталған балық алынды. Келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 8 000 000-нан астам теңгені құрады.
Күдікті ретінде үш адам қамауға алынып, жеті адам ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Бұл қылмыстық топ бірнеше жыл бойы Шардара су қоймасында балық аулаумен айналысып жүргені белгілі болды. Полиция қызметкерлері браконьерлердің ұйымдасып әрекет еткенін жоққа шығармайды. Қылмыстық топтың қатысушыларының барлығы өздеріне белгіленген әрекеттерді жасаған: балықшылар заңсыз балық аулап, содан сатып алушыларға өткізген. Олар балықтарды Шымкент қаласының базарларында сатқан. Сондай-ақ, балық сатып алушылар, балықшыларға материалдық көмек беріп отырған. Күдіктілердің арасында екі отбасы бар. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.