Қарағандылық қыз десантшы-жауынгерлердің құрметіне қойылған ескерткішке аяғын көтеріп қойған. Мұнымен тоқтамай, ортаңғы саусағын шошайтып, суретке түскен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Instagram-дағы patriotkaragandy парақшасына сілтеме жасап.
Ерсі қылық көрсеткен қыз, бұл суретін әлеуметтік желіге жариялаған. Әлеуметтік желідегі дерекке сүйенсек, қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш Қарағанды облысында орналасқан. Ал 22 жастағы қыз Қарағанды қаласынан ауылға қонаққа барыпты.
Полиция ерсі әрекет көрсетіп түскен суретін назарға алды.
"Бұл дерек бойынша полиция қызметкерлері Қарағандының 22 жастағы тұрғынын анықтады. Қазіргі уақытта оған қатысты "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік материал қаралып жатыр. Іс материалдары сотқа жіберілді, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бойжеткеннің мұндай әрекетін көрген желі белсенділері болса, оның жерден алып, жерге салды.
Мәселен, желі қолданушылары:"Ұрпақтың толығымен деградациялануы", "50.0000 сағат қоғамдық жұмысқа тарту керек", "Адамдарда жақсы ештеңе жоқ. Ол өзі болашақ ана емес пе, балаларына қалай тәрбие береді!? 10 тәулікке қамап, айыппұл төлетсін, содан кейін мұндайды қайталамайтын болады", "15 тәулікке қамасын, өзінен дұрыс адам шыға ма, сол жағын ойланып көрсін", - деп оның жазасыз қалмауы керектігін айтты.