Кеше Павлодар қаласында көп қабатты үйдің тұрғыны учаскелік полиция инспекторын аяусыз ұрып-соққан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде Павлодар қаласының тұрғыны полиция қызметкеріне шабуылдап, оны соққыға жыққан видео пайда болды. Бүгін облыстық Полиция департаментінің бастығы осы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Бұл жайт Лермонтов көшесі, 96 үйдің жанында болған. Мас тұрғын тәртіп сақшысына тек дене жарақатын келтіріп қана қоймай, видеожетонын да бұзып тастаған.
Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің айтуынша, тергеу барысында 1989 жылы туған К. есімді азаматтың бұрын тонау қылмысын жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Кеше кешке ішімдікке тойып алған ол, үйдің ауласында қаланы көріктендіру ережесін бұзған. Учаскелік полиция инспекторы Р. Төкебаев өзінің әкімшілік учаскесінде патрульдеу кезінде аталған факті бойынша хабарламаны сол үйдің тұрғындарынан алған.
Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторы азамат К.-ге әкімшілік заңнаманы бұзғаны туралы ескерту жасаған. Оған мас тұрғын полиция қызметкерінің атын қорлайтын сөздермен дөрекі жауап берген. Инспектордың тарапынан айтылған құқыққа қайшы әрекетті тоқтату туралы ескертуге қарамастан, ер адам дөрекі сөздерді тоқтатпай, билік өкіліне қол көтерген.
«Полиция инспекторы қолданыстағы заңнамаға сәйкес белсенді қысым жасайтын кедергіге байланысты арнайы құралды қолдануға құқылы. Алайда, азамат К-нің қолында жас бала болғандықтан, инспектор қорғаныс сипатындағы әрекетпен шектелген», - деді Нұрлан Мәсімов.
Оқиға орнына келген полиция наряды күдікті азаматты ұстап, Павлодар қаласының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамады. Оның іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 380-бабы 2-бөлімі бойынша (билік өкілінің өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күш қолдану) қаралуда.