Кеше кешке Көкшетауда пәтер өртеніп, 3 бала құтқарылды. Ақмола облыстық ТЖД мәліметінше, өрт Сарыарқа шағын ауданындағы 14/3 үйдің екінші қабатындағы пәтерде болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ведоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалын 9 шаршы метр аумақты шарпыған. Құтқарушылар жеткенше, пәтерде қалған 3 баланың екеуін көршілері сыртқа алып шығыпты. Ал үшіншісін өрт сөндірушілер құтқарған. Сондай-ақ, 5 қабатты үйдің 35 тұрғыны да эвакуацияланған. Қазір ауруханаға жеткізілген 3 баланың да жағдайы ауыр.
«Қазіргі мәлімет бойынша, пәтерде 21 жастағы әпкесімен бірге 8, 7 және 4 жасар үш бала болған. Ата-аналары басқа жерге кеткен. Әпкелері дүкенге шыққан кезде пәтерде от тұтанған.
Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 20 адам, 12 полиция қызметкері және жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Өрт 22:52-де ауыздықталды. Қазір оның шығу себебі анықталып жатыр.»,- деді Көкшетау қалалық ТЖБ бастығы Максим Шатковский.