Елордадағы аймақтық №2 көпсалалы ауруханадан шу шықты. Шақалағынан айрылған Ақмола облысы Целиноград ауданының тұрғыны, дәрігерлердің салғырттығын сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Астана арнасына сілтеме жасап.
37 жастағы келіншектің айтуынша, медициналық тексеріс кезінде ақ халаттылар іштегі сәбидің жағдайы қалыпты екенін айтқан. Алайда, толғағы келген әйелге ота жасалыпты. Бірақ нәресте шетінеп кеткен екен. Енді Алтынгүл Тоқтасынның туыстары кеше кешкісін қаралы хабарды естігелі перзентхананың маңында жүр.
Содан бері бала өліміне қатысты мардымды жауап ала-алмай дал. Жақындарының айтуынша, дәрігерлер тексеріс кезінде іштегі сәбидің жүрек қағысы қалыпты екенін айтқан. Тек нәресте теріс келгендіктен, ота арқылы босандыратындарын жеткізген. Алайда 4 сағат бойы отаны бастамай, тек әйелден қан кете бастағанда ғана шара қолдана бастапты.
"12-ге 10 минут қалғанда кіргізген. Кіргізген себебі ол кісіде қан кетті дейді. Неге 4 сағат бойы қан кеткенше, последний моментке дейін жеткізді? Неге сол уақыт аралығында операцияға кіргізбеді? Біз соған қынжыламыз", - деді келіншекті туысы Сайрангүл Кенжей.
Ал, сәбиінен айрылған Алтынгүл Тоқтасын баласының сау туғанына сенімді. "Наркозда болсам да баланың қозғалысы мен дауысын анық естідім" деп отыр. Бұл істе басқа бір шикілік барынан күдіктенеді.
фото: видеодан скриншот
"Кесереоваға кірген кезде де балам қозғалып тұрған. Мен оны наркоз берсе де біліп жаттым. Баланың даусын да естідім. Одан кейін білмей қалдым. Оянған соң бір-ақ естідім. Мен не болса да бәрін мені босандырған мұрты бар шалдан көремін. Соны кінәлаймын", - деді Алтынгүл Тоқтасын.
Аурухана мамандары сол түні кезекшілік еткен дәрігермен әлі хабарласа аламағандарын айтты. Таңнан бері телефон тұтқасын көтермейтінін жеткізді. Емхана басшылығы болса, бала іштен өлі туды деді.
"Өкінішке орай іштегі сәби өлі туды. Науқас бізге жедел жеткізілген болатын. Алайда бала кері келген. Бұл жағдайда дәрігер өзі шешім қабылдайды. Баланы анасының өзі босануына мүмкіндігі болғандықтан, біраз күтуге тура келді. Бірақ, қан кете бастағандықтан бірден ота жасауға кірістік. Ішке қан кетіп, бала демігіп қалған", - деді аймақтық №2 көпсалалы аурухананың перзетхана бөлімінің меңгерушісі Айгүл Қажығаппарова.
Дәрігерлер бұл оқиғаның ақ-қарасын анықтауға уәде етті. Жуырда арнайы комиссия құрылмақ. Жас анадан қажетті сараптамалар алынған. Тіпті, Соvid-19-ға да сынама тапсырыпты. Тексеріс қортындысы шыққан соң, сәбидің шетінеп кетуінің себебі анықталмақ. Ал жарық дүниені көре алмаған нәрестенің туыстарына күтуден басқа амал жоқ.