Бүгін таңертең Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында қақтығыс шығып, бес адам пышақталды деген бейресми ақпарат тарады.
Біз бұл ақпаратты растау үшін Ұйғыр ауданы Шонжы ауылының тұрғындарына хабарластық. Ауылдың екі тұрғыны бұл ақпаратты растағанымен, «ауылға өздерің келіп, жастармен тілдесіңдер» деп оқиға жайлы нақты ақпарат беруден бас тартты, деп мәлімдеді malim.kz.
Бұл мәселе жайлы ресми органдар ешқандай мәлімет бермеді. Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел телефон тұтқасын көтермеді.
Алайда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Шонжы ауылына барып, дәл қазір ауыл тұрғындарымен шұғыл жиналыс өткізіп жатыр.
Азаттық рухының ақпаратында Алматы облысында 5 жігіт пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Төбелес Ұйғыр ауданында болған.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жарақат алған жігіттердің үшеуі қазір аудандық ауруханада жатыр. Жанжал Шонжы ауылының Шанхай шағынауданы мен Бахар ауылы жастарының арасында болған.
«Ол жерде 5 адам жанжалдасқан. Бахардың балалары шетінен спортшы. Сол бұрынғы Ақтан аулында басталған оқиға төбелеске себеп болған сияқты. Бірақ не үшін төбелескенін ұқпадым, кім-кімді соққыға жыққаны белгісіз. Қазір ол жақта полиция мен әскер толып жүр», - деді шонжылық тұрғын.
Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы аудандық ауруханаға 5 жігіт пышақ жарақатымен түскенін растады. Жаралы жігіттер түн ортасында жеткізілген. Ауыр жарақат алған екі тұрғынға шұғыл ота жасалыпты.
«15 маусым күні сағат 23:46-да 5 адам пышақ жарақатымен Ұйғыр аудандық ауруханасына түскен. 1999 жылы туған екі азаматқа ота жасалды. 2 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. 1 адам хирургия бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта 3 адам аталған аурухананың хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайлары тұрақты», - деді облыстық Денсаулық басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы орталықтан бір топ адам Ұйғыр ауданына шұғыл жолға шыққанын жеткізді. Істің мән-жайы анықталған соң, толықтырып ақпарат беретінін айтты.