Өзбекстанның Сырдария облысы Сардоба ауданының тұрғындары 25 маусымда жиналып, тасқын шайып кеткен үйлердің орнына жаңасын салып беруді биліктен талап етті. Алайда оларды ішкі істер басқармасының қызметкерлері күшпен ұстап әкетті, деп хабарлады centralasian.org.
Куәгерлердің айтуынша, 25 маусымда Сардоба ауданының "Дустлик" махалласының жиырма шақты тұрғынын ұстап әкетті. Тұрғындар бөгеттің жарылуынан болған су тасқынынан баспаналары құлап қалғанын айтқан.
Олар таңертең осы ауылға келген Сардоба ауданының басшысы Абдуазим Хидировпен кездесуге барған. Хоким тұрғындарға олардың "үйлерін салып бермейтінін", зардап шеккендер "көп қабатты үйлерге көшуі керектігін" айтқан. Сәлден соң ішкі істер басқармасының қызметкерлері тұрғындарды "жолды бөгеті" деп айыптап, оларды арнайы автобуспен жақын маңдағы музыкалық мектепке жеткізген.
"Оларды таңертең сағат 10-да ұстап әкетті, содан бері аудан орталығындағы музыкалық мектепте ұстап отыр. Олар хокимді қалай тоқтатқаны туралы түсірілген видео іздеп жатыр. Телефондарын тартып алған. Хабарласа алмай отырмыз", - деді жергілікті тұрғындардың бірі.
1 мамырда Сардоба су қоймасының бір бүйірі жарылып, тасқын су қоймаға ең жақын орналасқан "Дустлик" махалласындағы үйлерді шайып кетті. Мұнда кейбір үйлердің шатырына дейін су кірген. Тұрғындар көрші аудандардағы колледж ғимаратында тұрып жатыр.