Өзбекстанда екі басты сиам егіздері дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 24kz-ке сілтеме жасап.
«Севи-млИ» телеарнасының «Замон» ақпараттық бағдарламасының хабарлауынша, нәрестелер Самарқанд облысында туған. Қазір олар медициналық орталықтың терапия бөлімінде ем-дом қабылдап жатыр.
Қос сәбидің тынысы тарылып, жүрегінде ақау бары анықталды. Жаңа туған қыз балалар әлемде өте сирек кездесетін сиам егіздерінің дицефалды түріне жатады дейді дәрігерлер.
Олардың денесі, жүрегі, асқазаны, жатыры бір. Сонымен бірге екі қолмен және екі аяқпен дүниеге келген. Мұндай патология 2 жүз мың шақалақтың біреуінде ғана кездеседі екен.
"Біз ұрықтың ақауын жүктіліктің 21-аптасында аңғардық. Бұл туралы әке-шешесін ескертіп қойғанбыз. Жалпы мұндай патологияның бірнеше себебі бар. Мысалы, жақын туыстар арасындағы некеден, бала көтеретін жастан өткеннен кейін босанудан, радиациялық зақымнан, экологияның нашарлануынан сиам егіздері тууы мүмкін", деді дәрігер Фаровон Самиев.