Елордадағы Жанкент көшесіндегі 155 ғимараттың алдына халық жиналды. Олар "Үкімет халықтың кредитін кешірсін!" деп арыз жазып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
фото: Шапағат Сердәліқызы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арыз жазушылардың көбісі көпбалалы аналар. Олардың бірі "айлығымыз шайлығымызға жетпейді" десе, енді бірі "күйеуім ғана жұмыс істейді, өзім төрт баламен үйде отырмын" деп базынасын айта жөнелді.
Арыз жазуға жиналғандардан "Арызды кім, қай ұйым қабылдап жатыр?" деп сұрағанымызда, 50-60 шақты адамның ешбірі де нақты жауап бере алмады.
Тіпті, олар: "Іште қабылдайды. Біз қайдан білейік? Біз әлі ішке кірген жоқпыз. Білмейміз ондайды. Ешкім ештеңе білмейді. Кезек күтіп тұрмыз", - деді.
Осы орайда, қолына 1-2 ақ парақ алып, қалам ұстап жүргендерді сыртынан бақылап тұрған екі тәртіп сақшысы әуелде "не болып жатқанын өзіміз де түсінбей тұрмыз" деп жалтарғысы келді. Дегенмен, артынша "Бұлардың арызын Демократиялық партия қабылдауда" деп қысқа қайырды.
"Жолдасымның атында кредит бар. Жолдасым жұмыс істейді. Алатын айлығы - 70 мың теңге. Ол жетпейді. Өзімде төрт бала. Күн көре алмай жатырмыз. Азық-түліктің өзін дүкеннен қарызға алып жатырмыз", - дейді А. Асқарова деген келіншек.
"Коронавирусқа байланысты бір айдың көлемінде жұмыссыз қалдық, жұмыссыз отырдық. Кредит тоқтап тұрды. Ал кредитті төлеу керек. Оны төлемесек, просрочкасы өсіп жатыр. Қаражат жоқ, ақша жеткіліксіз", - деді тағы бір келіншек.
Осы сәтте, ғимараттың ішінен бір азамат шығып, шулаған халыққа: "Айқайламаңыздар, еу!" - деп арыз жазудың орысша үлгісін таратты. Халық болса, бір жапырақ қағазға таласып-тармаса жөнелді.
Сірә, арыз жазуға келген халықты елімізде карантин жарияланғаны қызықтырмайтын секілді. Себебі, олар бір-бірін баса-көктеп, арыздарын тезірек тапсырып кету үшін ішке кіруге асығып тұр. Арақашықтықты сақтау мүлдем жоқ.