Тест тапсырмаған алматылық әйел үйінде босануға мәжбүр болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Айы-күні жеткен алматылық келіншекті коронавирусқа тест тапсырмағаны үшін перзентхана қабылдамай қойған. Сөйтіп жүкті әйел түн жарымында өз ауласында сәбиін өмірге әкелді. Көмекке жедел жәрдем қызметкерлері келіп, бала мен ана дін аман. Үйде босанған әйел сол сәтте қандай күйде болғаны туралы былай дейді:
"Тест қорытындысы болмаса, қабылдамайтынын айтты. Мен сынама тапсыруға қаражатым жоғын түсіндірдім. «Ақшасыз қалай бала туайын деп жатырсың?» деп айтты. Жылы жауып қоя салсам, мұндай жағдайға басқа келіншектердің тап болуы мүмкін. Егер қан кетіп немесе балам бір жамандыққа ұшыраса, не болар еді? Мұны ойлаудың өзі қорқынышты", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Марина Пушко.
Толғағы қысқан келіншекті перзентханадағылар да коронавирус бар-жоғын анықтайтын тест қорытындысы болмаған соң, екі рет кері қайтарыпты. Ал мекенжайы бойынша тіркелген емханасы жүктілерге арналған тегін тесттің таусылғанын айтқан. Сөйтіп Марина түн жарымында жедел жәрдемнің көмегімен ауласында босанды. 28 жастағы келіншек ұл баланы дүниеге әкелген. Бұл оның үшінші перзенті. Ал келіншек тіркелген №19 емхана қызметкерлері сол сәтте қаладағы барлық сынама орталықтарының жұмысы бірнеше күнге тоқтаған болатын деп отыр. Перзентханадағылар бас санитардың қаулысына бағынуға тиіспіз дейді.
"ҚР-ның Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 25-маусым 2020 жылғы №43 қаулысына сәйкес, жоспарлы және шұғыл түрде стационарға жатқызу кезінде пациенттер, сондай-ақ жүкті әйелдер мен жаңа туған сәбилер профилактикалық мақсатта ПТР-тестінен өтуі тиіс. Біздің орталыққа жатқызылмас бұрын пациентке өзінің тіркелген емханасында бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, ковид-19 сынамасы бойынша зерттеуден тегін өтуге кеңес берілген", - деді акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының баспасөз хатшысы Алуа Мырзаханова.
Видеоны көру үшін сілтеме https://www.ktk.kz/kz/news/video/2020/07/09/153375/