Түркістан облысының тұрғыны Болат Баймұрзаев жергілікті полиция жұмысына өкпелі. Өйткені, 27 жастағы інісі Әуезханды көз алдында өлімші етіп сабаған қылмыскерлер әлі күнге жазасын алмай жүр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Әділдік іздеген жігіт ағасы Ішкі істер министрі мен Бас прокурордан көмек сұрап отыр.
«Сол жердің местный авторитеттері. Олардың бәрі қосылып, Әуезханды байлаулы, дәрменсіз жатқан халінде аямай соққыға жыққан», - дейді Болат Баймұрзаев.
Бұл жағдай биылғы мамырда болған. Шағымданушының айтуынша, марқұм тұрмыстағы келіншекпен байланыста болған. Мұны қыздың әкесі біліп қалып, жергілікті «қылмыс серкелерін» шақыртыпты. Сөйтіп, Әуезхан соққыға жығылған. Марқұм ауруханада төрт күн ес-түссіз жатып көз жұмыпты.
«Барған кезімізде беті соншалықты қан, түрі көрінбейді. Бірақ, есін біледі. Көзімізше ұрып жатыр. Алты адам болды олар. Мен оған ешқандай көмек бере алмадым», - дейді ағасы.
Полиция төбелеске қатысы бар екі күдіктіні ұстапты. Қалған төртеуі куәгерге айналған. Арызданушы інісімен байланыста болған келіншек пен оның әкесін де жауапқа тарту керек деп отыр.
«Сарыағаш қаласының полиция қызметкерлері бұл істің бәрін бұрмалап жатыр. Інімнің сол жақ иығының үстіңгі жағында пышақтың ізі тұр. Экспертизада ол нәрселердің ешқайсысы көрсетілмеген», - дейді Болат Баймұрзаев.
Полиция департаменті болса, бұл істің жіті қаралып жатқанын алға тартты. «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру», «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» баптары бойынша іс қозғалған. Болат Баймұрзаевтың айтуынша, інісінің өліміне себепші болған бұзақылар оған қысым көрсетіп жатқан көрінеді.
«Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов мырза. Сіздерден өтінерім, осы қылмыстық істі өз қадағалауларыңызға алуыңызды сұраймын. Себебі, біздің Сарыағаш қаласының ішкі істер қызметкерлері бізді ешқандай қорғап та ала алған жоқ. Мына істі әділ жүргізген жоқ. Қазіргі таңда мен өз өмірімнен қорқамын», - дейді шағымданушы.